Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табуды көздеп, 10 мың теңгеге өзінің банктік шотын алаяқтарға берген. Нәтижесінде оның шоты қылмыстық схемада пайдаланылып, өзі қылмыстық жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 1 жылға пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасының бастамасымен сот процесі аудан тұрғындарының қатысуымен ашық форматта өтті. Нақты мысал арқылы қатысушыларға оңай табыс табуға ұмтылудың қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін екені көрсетілді.
Прокуратура ескертеді: дропперлер – ақша үшін өздерінің банктік шоттарын немесе карталарын алаяқтарға беретін, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдар. Адам қылмыстың ұйымдастырушысы болмаса да, мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Дропперлік үшін заңнамада айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Банктік карталарыңызды, шоттарыңызды, SMS-кодтарыңызды және жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз. Жеңіл жолмен ақша табуға деген ұмтылыс соттылыққа және ауыр құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін. Егер өзіңіздің заңсыз схемаға тартылғаныңызды түсінсеңіз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.