NASA Жерді тегіс шар емес, беті ойлы-қырлы картопқа ұқсатып көрсететін жаңа визуализация жариялады. Алайда бұл біздің планетамыздың ғарыштан көрінетін нақты пішіні емес. Модель Жердегі тартылыс күшінің әркелкі таралуын көрсету үшін жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
NASA-ның Ғылыми визуализация студиясы геоид моделін 2026 жылғы 15 шілдеде ұсынды. Онда планетаның кей бөліктері көтеріліп, енді бір аймақтары ішке қарай ойысып тұрғандай көрінеді.
Жердегі тартылыс күші барлық жерде бірдей емес. Егер мұхиттарда толқын, жел, ағыс және тасу-қайту құбылыстары болмаса, су бетіне тек Жердің тартылысы мен айналуы әсер етер еді. Осындай жағдайда қалыптасатын шартты теңіз деңгейі геоид деп аталады. Геоид бүкіл планетаны, соның ішінде құрлықтардың астын да қамтитын математикалық модель. Оны Жердің нақты жер бедерімен шатастыруға болмайды. Модельде тау, аңғар немесе ғимарат секілді нысандар көрсетілмейді. Қарапайым тілмен айтқанда, геоид Жердегі мұхит суы басқа күштердің әсерінсіз қай деңгейде орналасатынын көрсетеді.
Жердің ішкі және сыртқы қабаттарындағы масса біркелкі таралмаған. Таулар, мұхит шұңғымалары және планета қойнауындағы тау жыныстарының тығыздығы тартылыс күшіне әсер етеді. Массасы көбірек аймақтардың тартылыс күші де сәл жоғары болады. Мұндай жерлерде су сол бағытқа қарай көбірек тартылып, шартты теңіз деңгейі көтеріледі. Ал тартылыс күші салыстырмалы түрде төмен аймақтарда геоид беті ойысады. Осы айырмашылықтарды көрсету үшін NASA визуализациядағы биіктікті 10 мың есе үлкейткен. Сондықтан Жердің беті қатты деформацияланған картопқа ұқсап кеткен.
Шын мәнінде бұл өзгерістерді ғарыштан жай көзбен көру мүмкін емес. NASA жариялаған нақты масштабтағы нұсқада геоидтың беті өте тегіс көрінеді. Геоидтың ең жоғары нүктесі Исландия маңында орналасқан. Бұл аймақта шартты теңіз деңгейі негізгі өлшемнен 85 метр жоғары.
Ең төмен нүкте Үндістанның оңтүстігіндегі аймақта жатыр. Мұндағы геоид деңгейі негізгі өлшемнен 106 метр төмен. Осылайша, геоидтың ең биік және ең төмен нүктелерінің арасындағы айырмашылық 191 метрді құрайды. Планетаның жалпы көлемімен салыстырғанда бұл өте аз көрсеткіш. Визуализацияда ол әдейі үлкейтіліп көрсетілген.
NASA визуализациясы GOCO06s деп аталатын жаһандық гравитациялық модель бойынша жасалған. Оған 15 жыл бойы 19 жерсеріктен жиналған бір миллиардтан астам өлшем енгізілген. Деректер арасында NASA-ның GRACE және Еуропалық ғарыш агенттігінің GOCE миссиялары жүргізген бақылаулар бар. Бұл жерсеріктер планетаның әр бөлігіндегі тартылыс күшінің өте ұсақ айырмашылықтарын өлшеген.
Геоид ғалымдарға Жердің гравитациялық өрісін зерттеуге көмектеседі. Сондай-ақ ол теңіз деңгейін дәл есептеу, картография, геодезиялық өлшеу және навигация үшін қолданылады.
Мұздықтар еріп, су мен басқа да массалар бір аймақтан екіншісіне ауысқан кезде Жердің тартылыс өрісі де аздап өзгереді. Осы өзгерістерді бақылау арқылы ғалымдар планетадағы климаттық және геологиялық үдерістер туралы қосымша мәлімет алады.