Ұшақта жылаған сәбиді жұбатқан бортсерік жолаушылардың алғысына бөленді (ВИДЕО)

Бүгін, 11:23 / Інжу Әлихан
Скриншот

Түркістан – Астана бағытындағы ұшақта жылаған сәбиді жұбатқан бортсерік көптің алғысына бөленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерекше сәттің видеосын желіге журналист Жанар Сердәлі жариялады.

Оның айтуынша, ұшақ әуеге көтерілген кезде алдыңғы қатарда отырған сәби жылай бастаған. Биіктеген сайын бала қаттырақ жылап, ұзақ уақыт бойы тыныштала қоймаған.

«FS7362 Түркістан – Астана рейсі. Ұшақ қозғалып, әуеге көтерілген сәтте алдыңғы қатарда отырған кішкентай бала жылай бастады. Ұшақ биіктеген сайын сәби одан сайын қаттырақ жылады. Оны ешкім жұбата алмады. Барлық ұшақтағы жолаушы жылаған дауыс шыққан жаққа қарап отырды. Сол кезде бортсеріктердің бірі балаға келіп, оны қолына алып, тербете бастады. Сәби сылдырмағын түсіріп алған сайын, бортсерік оны сабырмен көтеріп алып, баланы ойнатып отырды.

Сөйтіп, ғажайып болғандай, сәбидің көз жасы бір сәтте сап тыйылды. Ал ұшақтағы барлық жолаушы жеңіл тыныс алғандай болды», – деді ол.

Көпшілік бортсеріктің сабырлылығы мен қамқорлығына алғысын айтып жатыр.

Тэгтер:

бортсерік