Қазақстан құрамасының футболшысы Ислам Чесноков мансабын Ресейде жалғастырады. Қазақстандық "Тобыл" мен Самараның "Крылья Советов" клубтары 26 жастағы вингердің жалға берілгенін ресми түрде хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Келісім бойынша Чесноков ресейлік команда сапында бір жыл өнер көрсетеді. Трансфердің қаржылық шарттары жарияланған жоқ. Ал футболшының нарықтық құны 1,2 миллион еуроға бағаланып отыр.
Бұл – Чесноковтың 2026 жылы ауысқан үшінші командасы. Биыл маусым айында ол қаңтардан бері өнер көрсеткен Шотландияның "Хартс" клубынан Қостанайдың "Тобылына" қайта оралған еді.
Бұған дейін Ислам Чесноков өзі түлеп өскен Өскеменнің "Алтай" клубында және Беларусьтің Бобруйск қаласының "Белшина" командасында доп тепкен.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында футболшы 24 матч өткізіп, екі гол соққан.
Ал Чесноковтың жаңа клубы "Крылья Советов" Ресей Премьер-лигасының жаңа маусымын сәтсіз бастады. Алғашқы төрт турда команда екі рет тең түсіп, екі ойында жеңіліске ұшырады. Екі ұпай жинаған Самара клубы 16 команданың арасында 14-орында тұр.