Жаңалықтар

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы Астанада өтеді

ашық дереккөзі

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы Астанада өтеді

Астанада 22-25 маусым аралығында Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы өтеді. Халықаралық жиын туралы мәлімет Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сайтында жарияланды. Қауымдастық президиумы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, биылғы құрылтайда шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қаржыландыру, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақыру мәселелері қаралады. "Құрылтай мақсаты - шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көшіп келуіне жағдай жасау", - деді Балғабаев. Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы 1992 жылы Алматы қаласында, екіншісі - Түркістанда 2002 жылы өтті. Одан соң құрылтай екі мәрте (2005 және 2011 жылдары) Астанада ұйымдастырылды. Биыл құрылтайға негізінен шетелдегі қазақ жастары шақырылады. Форумға 40-тан астам елден 350 адам қатысады. 1991 жылдан бері Қазақстанға 284 361 этникалық қазақ отбасы көшіп келді, бұл - шамамен бір миллион алты жүз мың адам. Оралмандардың 61 пайызы - Өзбекстаннан, 12 пайызы - Қытайдан, 12 пайызы - Моңғолиядан, жеті пайызы - Түркіменстаннан, шамамен төрт пайызы - Ресейден көшіп келді. Оралмандардың 56 пайызы - еңбекке жарамды жастағылар, шамамен 40 пайызы - 18 жасқа дейінгі балалар.