«Диагноз дұрыс қойылмаған»: Ақмола облысының тұрғыны ауруханадан моральдық шығын өндіріп алды

Бүгін, 15:59 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында азамат Р.-ның Целиноград аудандық емханасына, А., Е. және С. дәрігерлеріне қатысты жоғалтқан табысын, емделуге жұмсалған шығындарды және моральдық зиянның өтемақысын өндіріп алу туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап ішінара қанағаттандырылған. Емханадан Р.-ның пайдасына 700 мың теңге моральдық зиянның өтемақысы өндірілді, ал жоғалтқан табысын және емделуге жұмсалған шығындарды өндіріп алу туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған.

Облыстық сот алқасы келесі мән-жайлар анықталды.

2025 жылғы шілде айында ЖШС-де механизатор болып жұмыс істейтін Р. бас ауырғанына, жөтелге, мұрынның бітелуіне, дене қызуының көтерілуіне және иығының ауырғанына шағымданып, аудандық емханаға жүгінген. Оған ЖРВИ, жедел назофарингит, асқыну сатысындағы созылмалы бронхит, полисегментарлық пневмония диагноздары қойылған.

Бірнеше күннен кейін Р. қолдары мен иық буынындағы ауырсыну және ісінуге шағымданып, емханаға қайта барған. Дәрігер А. ревматоидты артрит диагнозын қойып, травматологтың кеңесіне жүгінуді ұсынған. Травматолог С. иық буыны байламдарының созылуы және шамадан тыс күш түсуі диагнозын қойған. Дәрігер Е. травматолог қойған диагнозды қайталаған.

Бір аптадан кейін талапкер шұғыл түрде Астана қаласының ауруханасына жатқызылып, оған сол жақ жоғарғы аяқ-қолдың, жауырын үсті және жауырын асты аймақтарының флегмонасы диагнозы қойылған. Шұғыл хирургиялық операция жасалып, шамамен 1,5 литр ірің сорып алынған.

Дұрыс қойылмаған диагноз бен жүргізілген емнің нәтижесінде Р.-ның денсаулығына зиян келтіріліп, оның еңбекке қабілеттілігін ұзақ уақытқа жоғалтуына әкеп соққан.

Сараптамалық комиссияның қорытындысына сәйкес, аудандық емхана дәрігерлері бірқатар қателіктерге жол берген: диагнозды уақтылы қоймаған, талдаулар мен зерттеулердің нәтижелерін елемеген. Бұл гематоманың пайда болып, флегманың дамуына әкеліп, нәтижесінде хирургиялық араласуды қажет еткен және иық буынының қызметі бұзылған.

Комиссия қорытындысымен медицина қызметкерлерінің әрекеттері мен туындаған зиян арасында себептік байланыс бар екені анықталған: пациенттің шағымдарына тиісті көңіл бөлінбеген, анамнезі үстірт жиналған, қойылған диагноз толық болмаған.

Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі жоғалтқан табыс сомасын өндіріп алу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде өзгертіліп, жаңа шешім қабылданды. Коллегия емханадан Р.-дің пайдасына еңбекке уақытша жарамсыздық парағында ұзақ уақыт болғанына байланысты 914 мың теңге жоғалтқан табысын өндірді. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Емделуге жұмсалған шығындарды (дәрі-дәрмек сатып алуға кеткен шығындар) өндіріп алудан бас тартылды, себебі бұл шығындар сақтандыру компаниясы тарапынан өтеледі.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Аурухана Ақмола облысы өтемақы моральдық шығын