«Рахат» шоколады Оңтүстік Корея, Индонезия және Таиланд нарығына шығарылмақ

Бүгін, 15:57 / Інжу Әлихан
Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстандық «Рахат» бренді экспорттық аумағын жыл санап кеңейтіп келеді. «ЛОТТЕ Рахат» акционерлік қоғамы Оңтүстік Корея, Индонезия және Таиланд нарықтарына шығуды және отандық кондитерлік өнімдердің шетелдік үлесін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінде бұл ірі кәсіпорын Алматы мен Шымкент қалаларындағы екі заманауи өндірістік алаңды біріктіреді.

Жалпы қуаты жылына 100 мың тоннаны құраса, өнім түрлерінің саны 500-ден асады. Олардың қатарында шоколад, кәмпит, печенье және вафли өнімдері бар.

Өнімдерді өткізуде шетелдік нарықтың айтарлықтай үлесі бар. Жалпы көлемнің 22%-ы экспортқа тиесілі деуге болады. Оның ішінде Негізгі 65%-ы Ресей бағытының еншісінде. Сонымен қатар Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдеріне, Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға және Германияға жеткізіледі. Биыл Латвия нарығына шыға бастады.

Экспорт ауқымын кеңейтуге отандық өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау, оның ішінде компаниялардың жаңа халықаралық нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін қаржылық және сақтандыру құралдары ықпал етеді.

Сонымен қатар кәсіпорын өндірісті жаңғыртуды жалғастыруда. Соңғы бірнеше жылда технологиялық даму мен өндірістік қуатты арттыруға 19,4 млрд теңге инвестицияланды.

Оның 7,1 млрд теңгеден астамы Шымкенттегі өндірістік алаңды дамытуға бағытталды.

Мұнда вафли мен жүгері снектермен қоса, басқа да жаңа өнімдер қолға алынуда.

Бүгінде кәсіпорын шоколадтың 80-нен астам түрін шығарады және какао бұршақтарын өңдеуден бастап дайын өнім өндіруге дейінгі толық технологиялық кезеңді қамтиды. Нағыз шоколадтың негізгі құрамдас бөліктері саналатын какао массасы, какао майы және какао ұнтағы кәсіпорынның өзінде өндіріледі.

Өнім сапасы өндірістің барлық кезеңдерінде жүзеге асырылатын көпдеңгейлі бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Шикізаттың әрбір легі кіріс бақылауынан өтеді. Мамандар дайын өнім шығарылғанға дейін өнім құрамының талаптарға сәйкестігі мен технологиялық өлшемдердің сақталуын бақылайды. Бұл өнімнің дәмін, құрылымын, сыртқы түрін және жарамдылық мерзімін тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Өндірістің жоғары стандарттарға сай екендігі ұлттық деңгейде де мойындалды.

2026 жылғы маусымда «ЛОТТЕ Рахат» акционерлік қоғамы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік конкурс-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Кәсіпорын сондай-ақ ISO халықаралық стандарттарына, HACCP жүйесіне және Halal талаптарына сәйкес сертификатталған. Бұл жаңа шетелдік нарықтарға шығу үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

Бүгінде кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырумен қатар, отандық кондитерлік өнеркәсіпті халықаралық нарықтарда таныстырып келеді. Енді Оңтүстік Корея, Индонезия және Таиланд нарықтарын игеруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Рахат» кәсіпорнының тарихы 1942 жылдан басталады. Сол жылы Алматыға Мәскеу мен Харьковтан кондитерлік фабрикалар көшірілді. Соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, құрал-жабдықтарды сақтап, орнатып, жаңа жағдайға бейімдеп, өндірісті іске қосу қолға алынды.

1992 жылы Алматы кондитерлік фабрикасы «Рахат» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Кәсіпорын 2013 жылы Оңтүстік Кореяның жетекші LOTTE Confectionery кондитерлік компаниясының бақылау пакетін сатып алғаннан кезеңіне қадам басты.

Тэгтер:

«Рахат» шоколады