ОСК дауыс беру және сайлау қорытындыларын шығару тәртібін түсіндірді

Бүгін, 15:40 / Дана Ізтілеуова

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК мүшесі Азамат Айманакумов дауыс берудің қалай ұйымдастырылатыны туралы айтып берді. Дауыс беру еліміз бойынша 10 423 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде  Қазақстан Республикасының 61 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанында 79 сайлау учаскесі жұмыс істейді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дауыс беру таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар кейбір учаскелерде, мысалы, әскери бөлімдерде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында, вахталық кенттерде, демалыс үйлерінде, санаторийлер мен ауруханаларда және тағы басқа жерлерде учаскелік комиссия тізімге енгізілген азаматтардың барлығы дауыс беріп болған жағдайда, дауыс беруді кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады.

«Дауыс беруге арналған үй-жайда болатын адамдар учаскелік сайлау комиссиясы белгілеген қағидаларды қатаң сақтауға міндетті. Тиісті учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруге арналған үй-жайда бір мезгілде болатын азаматтардың санын реттейді, тәртіпке жауапты болады және Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының ережелерін бұзып, дауыс беруді өткізуге кедергі келтірген кез келген адамның ол жерден кетуін талап етуге хақылы. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс беру процесіне қатысы жоқ басқа адамдардың болуына жол берілмейді. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасы бұзылған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі оның жұмысына қатысудан дереу шеттетіледі, ал байқаушы және өзге де адамдар сайлау комиссиясының жазбаша түрде қабылданған дәлелді шешімі бойынша үй-жайдан шығарылады», - деді Азамат Айманакумов.

ОСК мүшесі азаматтардың денсаулық жағдайына байланысты немесе отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын жағдайда, үйде дауыс беру мүмкіндігі бар екенін де атап өтті.

Құрылтай депутаттарын сайлаудың қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күн ішінде белгілейді.