«Ауыл» партиясы Павлодар облысында зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Бүгін, 22:15 / Інжу Әлихан
«Ауыл» партиясы

Павлодарда «Ауыл» партиясының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов ғылыми қауым өкілдерімен, профессорлар және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен кездесу өткізді. Жиында білімді нақты экономикамен ұштастыру, өңірлерге қажетті мамандар даярлау және отандық ғылымды дамыту мәселелері негізгі тақырып болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы білім беру және ғылым саласына қатысты ұсыныстар таныстырылды. Талқылауда білім беру жүйесін ел мен өңірлердің нақты қажеттіліктеріне жақындату, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау және жастардың кәсіби бағдарын күшейту мәселелері қаралды.

«Ауыл» партиясының бағдарламасында оқу-өндірістік кешендерді қайта жандандырып, мектептерде жұмыс берушілермен бірлесіп бейіндік сыныптар ашу ұсынылады. Мұндай тәсіл оқушылардың мамандықтармен ертерек танысып, теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Кездесуде «Ауыл» партиясының өкілдері білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтудің маңызын атап өтті. Профессорлар мен оқытушылар білім беру бағдарламаларын жаңарту, тәжірибелік оқытуды кеңейту және түлектердің еңбек нарығына бейімделуіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіптік кешенге қажетті мамандар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Ауыл» партиясы агроколледждер мен аграрлық жоғары оқу орындарының базасында оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын кеңейтуді ұсынады.

Сонымен қатар «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауыл жастарының сұранысқа ие мамандықтар бойынша заманауи білім алу мүмкіндігін арттыру мәселесі қамтылған. Бұл бағытта білім беру мазмұнын өңір экономикасының сұранысымен сәйкестендіру маңызды екені айтылды.

Кездесу барысында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов ғылыми қауымдастықтың ұсыныстарын тыңдап, білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

«Ауыл» партиясының өкілдері ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу, жас ғалымдарға жағдай жасау және өңірлердің кадрлық әлеуетін қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, «Ауыл» партиясы мен ғылыми қауымдастық өкілдері білім беру, ғылым және еңбек нарығына қатысты ұсыныстарды талқылады.

Тэгтер:

«Ауыл» партиясы