Қарағанды облысының прокуратурасы интернет және телефон алаяқтығына қарсы күресті күшейтті

Бүгін, 14:07 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қарағанды облысының прокуратурасы интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерінің жиілеп кеткені туралы ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазіргі уақытта алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түрлерінің бірі болып қала береді.

Мәселен, облыста тіркелген барлық қылмыстың 40%-ға жуығы алаяқтық.

Жыл басынан бері алаяқтықтың 1 306 дерегі тіркелсе, оның 916-сы интернет-технологияларды пайдалану арқылы жасалған.

Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында Қарағанды облысының прокуратурасы алаяқтардың телефон қоңырауларын анықтап, оларды арнайы дайындалған операторларға бағыттайтын антифрод Call-орталығын іске қосты.

Call-орталық жұмысының нәтижесінде қазірдің өзінде 17 мыңнан астам алаяқтық қоңырау ұсталды.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ және байланыс операторларымен жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында облыс прокуратурасы алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді.

Мысалы, 83 жастағы «А» есімді азаматшаға бір күн ішінде депозиттік шотындағы ақшаны иемденуге әрекет жасаған алаяқтар бірнеше рет телефон соққан.

Байланыс операторынан күмәнді белсенділік туралы хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері зейнеткердің тұрғылықты жеріне жедел барып, нәтижесінде қылмыстың жолы кесілді. Азаматшамен профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Тағы бір жағдайда 80 жастағы «В» есімді азаматша депозиттік шотынан 1,3 млн теңге шешіп алып, алаяқтарға аудармақ болған сәтте тоқтатылды. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында қылмыстың жолы кесілді.

Жыл басынан бері 40 қарт азаматтарға қатысты телефон арқылы алаяқтық әрекетінің алдын алды.

Азаматтар көбіне интернет-дүкендерде, танымал сауда алаңдарында және әлеуметтік желілерде жасалатын онлайн сауда барысында алаяқтардың құрбанына айналады.

Сондай-ақ алаяқтар банк картасымен жасалған операциялар, лотерея ұтысы, тиімді инвестициялар, өтемақы мен жәрдемақы төлеу туралы жалған хабарламалар жібереді. Кейде олар туысқандарының немесе таныстарының атынан хабарласып, адамның қорқыныш сезімі мен жақынына көмектесуге деген ниетін пайдаланып, шұғыл түрде ақша аударуды сұрайды.

Облыс прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға, жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге, белгісіз сілтемелерге өтпеуге, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымшаларды жүктемеуге және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге хабарламауға шақырады.

Тэгтер:

алаяқтық Қарағанды облысы