Қытайда бай әйел сүйікті актерімен 60 рет сүйісу үшін өз қаражатына сериал түсірген

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

Қытайда ауқатты әйел өзі басты рөлді сомдайтын қысқа сериалдың түсірілімін толық қаржыландырып, сценарийге 60-тан астам сүйісу көрінісін енгізуді талап еткен. Оқиға елдің қысқа метражды сериалдар индустриясында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz sohu.com-ға сілтеме жасап.

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, инвестор тарихи мелодрама жанрындағы 50-ден астам бөлімнен тұратын сериалға толық қаржы бөлген. Оның негізгі шарттарының бірі басты әйел рөлін өзі ойнау және сценарийді қалауынша өзгерту болған.

Әйел бас кейіпкердің серігі ретінде 23 жастағы актер Чжун Юйфэйді таңдаған. Сюжет бойынша ол ханшайымды, ал актер билігінен айырылған ханзаданы сомдаған. Инвестордың талабымен сериалға 60-тан астам сүйісу көрінісі енгізілген. Соның салдарынан кей бөлімдерде мұндай сахналар бірнеше рет қайталанған.

Жоба режиссері Мэн Син жақындық көріністерінің тым көп болуы оқиғаның мазмұнына кері әсер ететінін айтып, олардың санын азайтуды ұсынған. Алайда инвестор бұл пікірмен келіспей, «Мен сіз түсіргеннен де көп қысқа сериал көрдім» деп жауап берген. Кейін актер Чжун Юйфэй түсірілім барысында кейбір жақындық көріністері алдын ала келісілген шектен шығып кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өзі салаға енді келгендіктен және әйел жобаның негізгі инвесторы болғандықтан, талаптарға бірден қарсылық білдіре алмаған. Актер бұл жағдайды жариялаудағы мақсаты басқа жас әртістердің де осындай қысымға тап болмауына назар аударту екенін айтқан.

Сериалды қабылдаған платформа жақындық көріністерінің шамадан тыс көп болуына байланысты олардың 20-дан астамын қысқартқан. Нәтижесінде кей бөлімдердің оқиғалық байланысы бұзылған. Инвестор енгізілген өзгерістерге наразы болып, түсірілім тобына қалған 30 мың юаньды төлеуден бас тартқаны да хабарланды. Режиссер оқиғаның болғанын растағанымен, өзін әлеуметтік желілерде айтылғандай инвестор емес, тек тапсырыспен сериал түсірген шығармашылық топтың өкілі екенін түсіндірді. Оның сөзінше, алдағы жобаларда әртістердің құқығы, жақындық көріністерінің шегі және тараптардың жауапкершілігі келісімшартта нақты жазылатын болады.

Тэгтер:

Қытай Актер сериал