Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

Бүгін, 10:54 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасын құрайтын 5 киелі кешен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды turkystan.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

«Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» атауымен ұсынылған сериялық нысанның құрамына Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі киелі кешендері енді. ЮНЕСКО-ның ресми сипаттамасына сәйкес, бұл кешендер Маңғыстау түбегіндегі жартастарға қашалып жасалған қасиетті орындар мен оларға іргелес кең ауқымды қорымдарды қамтиды. Номинацияны әзірлеу және ұсыну жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілді.

ЮНЕСКО-ның мәліметінше, сериялық нысан Маңғыстау түбегінің шөлейт ландшафтында орналасқан бес қасиетті кешеннен тұрады. Олардың әрқайсысы сопылық ілім өкілдерімен байланысты.

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Балтабай Балапан ЮНЕСКО сарапшыларының жартасты мешіттерінің тарихи келбеті мен айналасындағы қасиетті ландшафттың түпнұсқалығын сақтауға ерекше мән бергенін атап өтті.

«2025 жылы ЮНЕСКО сарапшылары Маңғыстаудағы жартасқа қашалған және жартасты мешіттерінің тарихи-мәдени, археологиялық және сәулеттік ерекшеліктерін зерделеп, олардың түпнұсқалығы мен тұтастығын сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Сарапшылардың негізгі ұстанымы - тарихи-мәдени ескерткіштерге, олардың айналасындағы тарихи ландшафтқа және археологиялық нысандарға қазіргі заманғы сипаттағы, ескерткіштің тарихи келбетіне әсер ететін өзгерістер енгізбеу. Мұндай нысандардың бірегейлігі олардың табиғи ортамен және ғасырлар бойы қалыптасқан қасиетті ландшафтпен ажырамас байланысында жатыр», - деді Балтабай Балапан.

Маңғыстаудың рухани мұрасындағы ең танымал нысандардың бірі - Бекет ата жартасты мешіті. Ол Маңғыстау түбегіндегі Оғланды жерінде орналасқан. Ақбор тасты тау шатқалының терең қабатынан ойылып жасалған нысан төрт бөлмеден тұрады. Бөлмелердің барлығы дөңгелек пішінде, биіктігі шамамен 2,7–3,5 метрге жетеді. Мешіттің оңтүстік-шығыс бөлігінде Бекет атаның өзі жерленген бөлме орналасқан. Бекет ата XVIII–XIX ғасырларда өмір сүрген діни қайраткер, ағартушы ретінде халық жадында сақталған.

Бекет Атаға барар жолда аңыз бойынша, зират етушілер бірінші күйеу тамға келіп аялдайды. Шопан ата кешені Маңғыстаудың көне рухани-мәдени орындарының бірі саналады. Оның құрамында жартасқа ойылып жасалған мешіт пен кең қорым бар. Кешен ежелгі керуен жолдары өткен аумақта орналасқан. Шопан ата кешені XII–XVIII ғасырлар аралығында қалыптасқан Маңғыстаудың қасиетті орындары жүйесінің құрамына кіреді. Аңыз бойынша, Шопан ата Қожа Ахмет Яссауи сопының шәкірттерінің бірі делінеді.

Маңғыстау өңіріндегі тағы бір маңызды тарихи-мәдени нысан - Қараман ата жартасты мешіті мен қорымы. Кешен табиғи жартасты ландшафтпен астасып жатыр. Қараман атаға қатысты халық жадында көптеген аңыз-әңгіме сақталған. Кешен ғасырлар бойы зиярат ету, рухани тағзым жасау және жерлеу дәстүрлерімен сабақтасып келеді.

Шақпақ ата жартас мешіті - Маңғыстаудағы сәулеттік құрылымы күрделі қасиетті нысандардың бірі. Шақпақ ата жартасты мешіті XIV–XVI ғасырларға жатады. Ол жартас қабатына ойылып жасалған бірнеше камералық бөлмеден тұрады. Мешіттің орталық бөлігінде күмбезді зал орналасып, бөлмелер соның айналасына топтастырылған. Кешеннің қабырғаларында сақталған жазулар мен бейнелер де оның тарихи-мәдени маңызын арттыра түседі.

Сұлтан үпі жартасты мешіті де табиғи жартасты ортаға бейімделе салынған қасиетті кешендердің қатарына жатады. Мешіт маңында қорым мен жерлеу нысандары орналасқан. Сұлтан-үпі жерасты мешіті шамамен IX–X ғасырларға жатады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бес кешеннің барлығы мемлекеттік қорғауда және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Сонымен қатар оларды ұзақ мерзімге сақтауға бағытталған 2027-2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленіп жатыр. Бес кешеннің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі - Маңғыстаудың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дәстүрі мен тарихи-мәдени ландшафтының халықаралық деңгейде мойындалуы.