«Әділет» партиясы Түркістан, Абай, Ақтөбе және Маңғыстауда бастамаларын таныстырды

Бүгін, 10:00 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Абай, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында «Әділет» партиясының сайлауалды штабы өкілдері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және спортшылармен кездесіп, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кәсіпкерлер мен тұрғындар пікірі тыңдалды

«Әділет» партиясының Абай облыстық сайлауалды штабының өкілдері халық көп шоғырланған орындарда кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесіп, партияның негізгі бағыттарын таныстырды.

Құрылтайға кандидат Айрат Базенов «Северный терминал» базарында кәсіпкерлермен және еңбек адамдарымен кездесіп, олардың күнделікті жұмысымен танысты. Базарда 400-ден астам сауда орны жұмыс істейді. Мұнда саудамен қатар тауар жеткізу, көлік-логистика, қойма, ветеринарлық қызмет, тазалық және қауіпсіздік сияқты көптеген бағыт өзара байланысып жұмыс істейді. 

«Бір сауда орнының артында бір адамның ғана емес, бірнеше отбасының табысы тұр. Сондықтан базарды жай ғана сауда алаңы деп қарауға болмайды. Бұл – еңбек, қызмет, логистика мен кәсіпкерлік тоғысқан тұтас шағын экономика», – деді Айрат Базенов.

Ал Абай облыстық сайлауалды штабының мүшесі, Құрылтайға кандидат Эльзира Солтабаева халық көп жиналған орындарда тұрғындармен кездесіп, партия туралы ақпараттық материалдар таратты. «Мереке» сауда үйінде де азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, партияның негізгі бағыттары таныстырылды.

Сондай-ақ, Айгерім Жұмақанова халықпен тікелей сөйлесудің маңызын атап өтті. 

«Адамдармен бетпе-бет сөйлескенде олардың нақты қандай мәселелерге алаңдайтынын жақсы түсінесің. Әр пікір біз үшін маңызды. Өйткені өзгеріс халықтың үнін тыңдаудан басталады», – деді Айгерім Жұмақанова.

Кәсіптік бағдар – болашаққа бағыт

«Әділет» партиясы Ақтөбе облысында кәсіподақтармен еңбек және әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылады.

Өңірлік сайлау штабының өкілдері кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен «Әділет» партиясының жұмыспен қамту, білім беру және жастарды қолдау саласындағы ұсыныстарын талқылады. Қатысушыларға жұмыс орындарының сапасын арттыруға және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ұсыныстар да таныстырылды.

Әлеуметтік қорғау саласындағы бастамалар туралы айтқан өңірлік штаб өкілі Айгүл Нұркеева бала дүниеге келгеннен бастап 18 жасқа толғанға дейін көрсетілетін барлық мемлекеттік қолдау шаралары мен қызметтерді қамтитын баланың цифрлық маршрутын құру бағытына тоқталды. Сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті күшейту, ауыл мектептеріндегі білім алу жағдайын жақсарту,  мүгедектікті «бір терезе» қағидаты бойынша белгілеу, барлық азаматқа тең мүмкіндік жасау мәселелері сөз болды.

Талғат Төремұратов кәсіптік бағдар беру және цифрлық білім беру саласындағы ұсыныстарды таныстырды. Оның ішінде білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына сай жаңарту, колледждердегі дуалдық оқытуды кеңейту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар еңбек құқықтарын қорғау және кәсіби дамуға жағдай жасау мәселелері туралы да айтылды. 

Штаб өкілдері жастарға мамандық таңдауда қолдау көрсетудің, сапалы білім алуға мүмкіндіктерді кеңейтудің және жас мамандарды жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Кездесуге қатысушылар партияның еңбек қатынастарына, әлеуметтік қолдауға және адами капиталды дамытуға қатысты ұсыныстары бойынша сұрақ қойып, пікір алмасты.

Өндірісті дамыту өңірдің тұрақты дамуының негізі

«Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының сайлауалды штаб өкілдері аймақтағы ірі өндіріс орындарының бірі – «Каспий су тұщыту зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен маңызды кездесу өткізді. Басқосудың басты мақсаты – үстіміздегі жылдың 23 тамызына жоспарланған Құрылтай сайлауының маңызын түсіндіру және жұмысшыларды саяси науқанға белсенді қатысуға шақыру.

Ашық диалог форматында өткен шарада сайлау науқанының ел болашағын айқындаудағы рөлі, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласу жауапкершілігі мен әрбір қазақстандықтың өз таңдауын жасау құқығы кеңінен сөз болды. Штаб мүшелері зауыт жұмысшыларына партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі мақсаттарын ортаға салды.

Кездесу барысында зауыт ұжымы аймақтағы өзекті мәселелерді ортаға салып, партия өкілдерімен пікір алмасты. Атап айтқанда, еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшылардың әлеуметтік пакетін жақсарту және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар өндірісті дамыту, су тапшылығын шешудегі зауыттың әлеуетін арттыру және жаңа технологияларды енгізу қажеттігі айтылды. Өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, жастарды өндіріске тарту, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударылды.

«Каспий су тұщыту зауыты» стратегиялық нысан болғандықтан, оның еңбек ұжымымен кездесу партия үшін маңызды. Жұмысшылар өз ұсыныстары мен көкейкесті мәселелерін ортаға салып, партия өкілдеріне бірқатар сауалдарын жолдады. Кездесу барысында еңбек ұжымының ұсыныстары тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты. Партия өкілдері халықтың үні мен әрбір өтініш-тілегі назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Спортты дамыту ұлт денсаулығының кепілі

Партияның Түркістан облыстық сайлауалды штаб өкілдерінің Шардара ауданында спортшылармен кездесу өткізді. Шардара қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен жүздесуде партияның бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасындағы спорт саласына қатысты басымдықтары таныстырылды.

Шардара ауданы қол күрестен (армрестлинг) әлем мен Азия чемпиондарын ең көп шығарған Қазақстандағы бірегей спорт аймағы саналады.Кейінгі 25 жылда бұл аймақ 120 әлем чемпионын шығарды. Бұдан бөлек, 119 әлем чемпионатының жүлдегері, 87 әлем кубогының иегері және 5 «Комбат ойындарының» әлем чемпионы тіркелген. Шардаралықтар Азия құрлығы бойынша да абсолютті чемпиондар санатында. Аудан тұрғындары ішінен 351 Азия чемпионы, 284 Азия чемпионатының жүлдегері және 97 Азия кубогінің иегері бар. Қазақстан чемпионаттарында да шардаралық спортшылардың нәтижесі айрықша – 555 ел чемпионы, 706 чемпионат жүлдегері және 85 халықаралық турнир жеңімпазы шыққан.

Партияның даңқты спортшылар шыққан аймақтағы кездесуді  «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізді. Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штаб жетекшісі, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев спортшылармен кездесуде Шардараның спорттағы жетістігі бүкіл еліміздің мақтанышы екенін айтты. 

«Партиямыздың «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға ерекше мән берілген. Біз чемпиондарды ғана емес, чемпион болуға ұмтылған әр баланы қолдауымыз керек. Спортшының жеңісін бәріміз көреміз. Ал сол жеңіске дейінгі жолын бәріміз бірдей көре бермейміз. Таңғы жаттығу, күнделікті тәртіп, жарақат, жеңіліс, қайта дайындалу – осының бәрі чемпионның жолы. Сондықтан біз спортшыдан нәтиже күтсек, оған сол нәтижеге жететін жағдайды да жасауымыз керек», - деді Нұрлан Әлішерұлы.

«Әділеттің» сайлауалды бағдарламасында азаматтардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын кеңінен қалыптастыруға басымдық берілген. Осы мақсатта партия үшін бірнеше бағыт маңызды деп белгіленген. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдерді спортқа жаппай тарту, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру, ауылдық жерлердегі балалардың спортпен айналысуына тең мүмкіндік жасау, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, дарынды жас спортшылардың кәсіби деңгейге көтерілуіне жағдай жасау екені түсіндірілді.

Кездесуде облыстық мәслихат төрағасы, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Нұралы Әбішов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрсадық Ергешбек, Бауыржан Жамалов, штаб мүшелері Бақытжан Серманизов, Гүлжазира Ізбасарова, Мөлдір Нұрман сөз алып, спорттың жастар тәрбиесі мен қоғамдағы маңызы айтылды, партияның бастамалары туралы мәлімет берілді.

Басқосуда аудан спортшылары «Әділет» партиясының спорт саласын дамытуға бағытталған бастамаларын қолдайтындарын білдірді. Олар спортқа жасалатын қолдауды күшейту, жас спортшыларға мүмкіндік беру және спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.