Астанада такси жүргізушісіне балағат сөз айтып, қоқан-лоқы көрсеткен жолаушы қамалды

Бүгін, 07:19 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астанада такси жүргізушісіне балағат сөз айтып, қоқан-лоқы көрсеткен жолаушы 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиғаға қатысты істі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Сот мәліметінше, азамат такси қызметін пайдаланған. Сапар аяқталғаннан кейін ол жүргізушіге балағат сөздер айтып, көліктен шығудан бас тартқан әрі оған қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін полицияда тіркелген.

Сот отырысында азамат кінәсін толық мойындады.

Сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.