Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар Azamat Live бағдарламасына берген сұхбатында саясатқа араласуына жеке өмірінде болған ауыр жағдайлар мен денсаулығына қатысты мәселелер әсер еткенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әншінің сөзінше, өткен жыл отбасы үшін өте қиын болған. Жолдасының 23 жастағы тұңғыш ұлының қазасы оған қатты әсер етіп, кейін денсаулығы да сыр берген.
"Былтырғы жыл біздің отбасымызға өте ауыр тиді. Жолдасымның 23 жастағы тұңғыш ұлы қайтыс болып, соған қатты қиналдым. Күйзелістің салдарынан аутоиммундық ауруға шалдығып, бір аяғым протезге жарамай қалды. Шетел аралап, емделуге мәжбүр болдық", – деді әнші.
Осы жағдайдан кейін Тамара Асар Қазақстандағы протездік-ортопедиялық көмек жүйесіне басқаша қарай бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, жеке басынан өткен қиындық бұл салада тек жекелеген мәселені шешу аздық ететінін, жүйелі өзгерістер қажет екенін түсіндірген.
Өнер иесі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың саны көп екенін, олардың бір бөлігі протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж екенін атап өтті.
"Бұл жүйені айналып өтуге болмайды, сауатты, саяси қадамдар керек. Маған алғаш болып Қазақстан халық партиясы хабарласты. Олардың бағдарламасында инклюзия тарауы болғандықтан, ұсынысты қабыл алдым", – деді Тамара Асар.
Әнші осы мәселелерді заңнамалық деңгейде көтеріп, нақты өзгерістерге ықпал ету үшін қоғамдық-саяси өмірге араласуға шешім қабылдағанын айтты.