Жапонияда интернет-дүкеннен аниме тауарларына жаппай тапсырыс беріп, кейін оларды алып кетпеген 32 жастағы әйел қамауға алынды. Үш жылға жуық уақытта оның рәсімдеген тапсырыстарының жалпы құны 4,3 миллиард иенге, яғни шамамен 12,4 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осака қаласында мейрамханада жұмыс істейтін Маю Есида 4 тамызда ұсталған. Оған алаяқтық жасады және компанияның қалыпты жұмысына кедергі келтірді деген айып тағылып отыр.
Тергеу мәліметінше, әйел аниме өнімдерін жинауға әуес болған. 2023 жылдың күзінен бастап ол Shueisha баспасының One Piece және Naruto секілді танымал анимелерге арналған өнімдеріне 2 мыңнан астам тапсырыс рәсімдеген.
Тапсырыстар арасында кейіпкерлердің мүсіндері, салпыншақтар, жұмсақ ойыншықтар және басқа да кәдесыйлар болған. Алайда тауарлар жеткізу орнына келген кезде әйел оларды алуға бармаған.
Бұдан бөлек, бір сатып алушыға қойылған шектеулерді айналып өту үшін ол 238 жалған аккаунт ашқан. Тергеу дерегінше, осы әрекеттердің салдарынан компания 7,5 миллион иенге, шамамен 22 миллион теңгеге шығынға ұшыраған.
Әйел тағылған айыпты мойындаған. Оның сөзінше, аниме кейіпкерлері бейнеленген заттарға тапсырыс беру күйзелісті жеңілдетіп, өзін тыныш сезінуіне көмектескен.
Енді Маю Есида үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ оған 500 мың иенге дейін, яғни шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы ықтимал.