20 жастағы футболшыны шұғыл түрде ауруханаға тікұшақпен жеткізді

Бүгін, 21:07 / Жамбыл Жайлау
tengrisport.kz

Италияның "Кальяри" клубында өнер көрсететін 20 жастағы француз шабуылшысы Яэль Трепи бассейнде батып кете жаздап, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға жексенбі, 16 тамыз күні шамамен сағат 18:00-де болған. Алдын ала мәлімет бойынша, футболшы бассейннің терең бөлігіне түсіп, суға бата бастаған. Оны дер кезінде судан алып шыққанымен, жағдайы ауыр болған.

Құтқарушылар футболшыға интубация жасап, кейін тікұшақпен Италияның Сассари қаласындағы «Сантиссима Аннунциата» ауруханасына жеткізген. Қазіргі уақытта Трепи жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр.

"Кальяри" футбол клубының баспасөз қызметі де ойыншының ауруханаға түскенін ресми түрде растады.

"Яэль Трепи қазіргі уақытта Сассаридегі "Сантиссима Аннунциата" ауруханасының қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Клуб медициналық мекемемен және футболшының отбасымен тұрақты байланыста болып, оның жағдайын мұқият бақылап отыр", – делінген клуб мәлімдемесінде.

Сондай-ақ "Кальяри" өкілдері футболшы мен оның отбасына қолдау білдіріп, олардың жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады. Клуб Трепидің денсаулығына қатысты жаңа ақпарат болған жағдайда қосымша мәлімдеме жасайтынын жеткізді.

Тэгтер:

Яэль Трепи