Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде бесінші қабаттағы терезе алдында отырған кішкентай баланы құтқарып қалған полиция қызметкерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты іс-шара барысында БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Убиш Гайсинге қызметтік міндетін жоғары деңгейде атқарып, кішкентай бүлдіршіннің өміріне төнген қауіптің алдын алғаны үшін алғыс білдіріп, марапат табыстады.
Еске сала кетейік, оқиға Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде болған. Сол аумақтың учаскелік инспекторы Убиш Гайсинге тұрғындар хабарласып, бесінші қабаттағы ашық терезенің алдында шамамен 3-4 жастағы баланың тұрғанын айтқан.
Оқиға орнына жедел жеткен полицей бесінші қабаттың терезесінен кішкентай бала басын шығарып отырғанын байқап, дереу жоғарыға көтеріліп, баланы қауіпсіз жерге алып шығып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Марапаттау кезінде департамент бастығы полиция қызметкерінің қырағылығы мен батыл әрекетін атап өтіп, мұндай жағдайларда әр секундтың маңызды екенін жеткізді.