«Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында биыл Маңғыстау жастарына 241 білім гранты берілді

Бүгін, 16:25 / Дана Ізтілеуова

2026-2027 оқу жылында «Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының жастарына 241 білім гранты берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы жеңімпаздар ішінде 48 оқушы республикалық физика-математика мектебі мен 125 High School Taraz білім ордасында оқу мүмкіндігіне ие болды. Ал 193 жас еліміздің әр өңіріндегі колледждердің студенті атанды.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Маңғыстау облысының жастарын қолдауға бағытталған «Жарқын Болашақ» гранттық білім беру бағдарламасына қатысушылар Қазақстанның бірнеше қаласындағы оқу орындарына орналасты. Олардың басым бөлігі Алматыны таңдаған. Жаңа оқу жылында мұнда 79 маңғыстаулық жас оқиды. Астанада 39 талапкер студент атанса, Көкшетауда 27, Қостанайда 16, Қарағандыда 15 жас кәсіптік білім алады. Бұдан бөлек, Ақмола облысындағы колледждерге 8, Павлодарға 4, Семейге 3 және Петропавлға 2 бала жолданды.

Колледжге қабылданған жастар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеретін болады. Ең көп таңдалған бағыттардың қатарында “Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі” және “Мейіргер ісі” бар. Әрқайсысы бойынша 22 студенттен оқуға түскен. Сондай-ақ технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару мамандығын 17 студент таңдаған. Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бағытына 16 талапкер қабылданды. Электрмен қамтамасыз ету саласында 10 студент білім алады. Ал ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мен стоматология мамандықтарын әрқайсысынан 9 студенттен таңдаған. Бұдан бөлек, бағдарламалық қамтамасыз ету және тігін өндірісі мен киімдерді үлгілеу бағыттарына әрқайсысы бойынша 8 студенттен оқуға түсті.

Сонымен қатар жастар цифрлық техника, машина жасау технологиясы, төтенше жағдайларда қорғау, электр жабдықтары, тағам өндірісінің технологиясы, тамақтандыруды ұйымдастыру, графикалық және мультимедиалық дизайн, сәулет, актерлік және вокал өнері, мехатроника, өрт қауіпсіздігі, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жол қозғалысын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығын механикаландыру, радиотехника, емдеу ісі, хореография, аспаптық орындаушылық, дене тәрбиесі және спорт, гидрогеология секілді көптеген мамандықтар бойынша білім алады.

Еске салсақ, «Жарқын болашақ» бағдарламасы 2022 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін 1 100 бала бағдарлама игілігін көрді. Биыл олардың 333-і колледжді тәмамдап, диплом алды.

Соңғы есеп бойынша, қазір 1 005 жас еліміздің түрлі өңіріндегі оқу орындарында тегін сапалы білім алып жатыр.

Тэгтер:

Жарқын болашақ Маңғыстау жастары