Экс-премьер Серік Ахметов апелляциялық шағым түсірді

Экс-премьер Серік Ахметов апелляциялық шағым түсірді

Экс-премьер Серік Ахметов апелляциялық шағым түсірді
ашық дереккөзі
Түрмеде жазасын өтеп жатқан бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов өзінен материалдық шығын ретінде 17 млн теңгені өндіріп алу туралы бірінші сатыдағы соттың шешімін жою бойынша Қарағанды облыстық сотына апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Соттың ұйғарымы бойынша Серік Ахметов пен оның қарамағында жұмыс істеген бұрынғы төрт шенеуніктің мемлекетке келтірген материалдық шығын көлемі 17 млн 310 мың теңгені құрайды. «Жауап берушілердің барлығынан апелляциялық шағымдар сот кеңсесіне келіп түсті, олар өндіріске алынды. Тыңдаулар уақыты әлі белгіленген жоқ», - деп мәлім етті Қарағанды облыстық сотынан. Еске салайық, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтың талабын ішінара қанағаттандырып, экс-премьер-министр Серік Ахметовтен, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі  Бауыржан Әбдішевтен, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтан, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбековтен және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкеновтен 17 миллионнан астам теңгені өндіріп алуды үкім етті. Аталған сома бес жауапкерден ортақ негізде өндіріп алуға жатады. Нұрлан Әубәкіров өз талабында бес жауапкерден 201 миллион 900 мың теңгені мемлекетке қайтаруды талап еткен болатын. Оның мәлімдеуінше, Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі болған уақытта жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың құқықтарын шектеу мақсатында құрылтайшылардың бірі өзінің ұлы Данияр Ахметов пен оның орынбасары - туған ағасы Берік Ахметов болып табылатын «Сталь Цинк» ЖШС-ға артықшылықтар беріп келген. Олар бірнеше жылдар бойы Қарағанды қаласының көшелерін жарықтандыратын бағандарды ауыстыру бойынша тендерлер ұтып, мемлекеттік тапсырыстың негізгі мөлшерін жоғары бағамен өздеріне алып отырған. Серік Ахметовке қылмысты жасауға қоластындағы төрт қызметкері көмектесіп келген.