«Табиғат – ұлттық мұра» республикалық сараптамалық дөңгелек үстелдер циклі жалғасын тапты. «Байтақ» партиясының үміткерлері «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Байтақ» партиясының мүшелері өткізген жиында табиғатты қорғау саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына, қоршаған ортаны сақтауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. «Байтақ» партиясының өкілдерімен кездесуде түрі мәселе көтерілді: биоалуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, браконьерлікпен күрес, табиғи нысандарды қорғау.
Тараптар мемлекеттік инспекторлардың тәжірибесі, ғылыми мониторинг пен зерттеулердің маңызы, экологиялық туризмді дамыту және халықтың экологиялық сауатын арттыру мәселесін де пысықтады. Оң нәтижеге жету үшін табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіру маңызды екені айтылды.
Дөңгелек үстелдер циклі мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық, қоғамдық ұйымдар мен табиғатты қорғау саласының сарапшылары арасындағы байланысты нығайтуға негізделген.
«Байтақ» партиясының жиынына қатысушылар табиғатты сақтау тек жекелеген мекемелердің емес, қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Өйткені табиғи мұраны қорғау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.