Жамбыл облысының Меркі ауылында сегіз айлық баласы қалған жас әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайғылы оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде марқұмның құрбысымен жазысқан соңғы хаттарының скриншоттары жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, Мадина есімді әйел қайғылы жағдайға дейін құрбысына отбасындағы жанжал туралы айтып, күйеуінен физикалық зорлық-зомбылық көргенін жеткізген.
Құрбысының айтуынша, әйелдің күйеуі сегіз айлық баласына сатып әкелген «Барни» шоколадты бәлішін Мадинаның жеп қоюына байланысты ерлі-зайыпты арасында жанжал болған. Осыдан кейін ер адам әйелді ұрған.
Келесі күні Мадина құрбысына жиналған заттарының суретін жіберіп, күйеуінен кеткісі келетінін айтқан. Сондай-ақ одан 15 мың теңге қарыз сұраған. Алайда сол кезде қажетті қаражат табылмаған.
Осыдан кейін Мадинамен байланыс үзілген. Кейін оның қайтыс болғанын құрбысына марқұмның енесі хабарлаған.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша адамды суицидке дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.