«Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған республикалық штаб өкілдері Шығыс Қазақстан облысындағы банк қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ақ жол» партиясының үміткерлері кездесу орнын кездейсоқ таңдаған жоқ. Өйткені дәл осы банк қызметкерлері халықтың төлем қабілеттілігі мен бизнестің шынайы қаржылық жағдайын, несие мәселелерін күнделікті өз көздерімен көріп отыр.
«Ақ жол» партиясының кандидаттарымен кездесу барысында азаматтардың банкроттығы туралы мәселе кеңінен талқыланды. «Ақ жол» партиясы бұл мәселені алғаш рет сонау 2014 жылы көтерген болатын. Ұзақ жылғы күрестің нәтижесінде қаржылық қиындыққа ұшырағандарға арналған заң 2023 жылдың наурызында күшіне енді.
Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексіне де ерекше назар аударылды. «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлерді қорғау мақсатында 100-ден астам ұсыныс енгізіп, ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеруге және салық шегін күрт төмендетуге қатаң қарсы шықты.
Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясы жаңа Салық кодексінің қорытынды нұсқасын қолдамағанын ашық айтты. Себебі, бұл құжат кәсіпкерлікке ауыр жүк салады. «Ақ жол» партиясы алдағы уақытта да заңды түзету үшін күресті жалғастырмақ.
«Біз үшін тек құрғақ уәде беру емес, Парламент арқылы қандай бастамаларды өткізе алғанымызды көрсету маңызды. Алдағы мақсат — салық жүктемесін азайту, қаржыны қолжетімді ету және кәсіпкерлікті қорғау. Бұл жұмысты жаңа Құрылтайда жалғастырамыз», — деп атап өтті «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева.
«Ақ жол» партиясының өкілдері мамандардан тікелей кері байланыс алып, алдағы уақытта да қарапайым халық пен бизнестің мүддесін қорғау басты назарда болатынын жеткізді.