"Әлемдегі ең ұсқынсыз ит" байқауының жеңімпазы анықталды

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: euronews.com

Оңтүстік Кореялық Джинни Лу есімді мопс 2026 жылғы «Әлемдегі ең ұсқынсыз ит» байқауында жеңіске жетті. 50 жылдық тарихы бар ерекше сайыс АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Роза қаласында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Джинни Лу тостағандай көзімен, салбырап тұратын тілімен қазылардың назарын аударған. Жеңімпаздың иесі Мишель Грейди 5 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық алды. Байқау қорытындысына сәйкес, биыл жүлдеге 9 ит таласқан. Джинни Лу Оңтүстік Кореяның таулы аймағында аязды күні ағаш жәшіктің ішінен табылған. Кейін оны жануарларды құтқарумен айналысатын ұйым қамқорлығына алып, АҚШ-қа жеткізген. Төрт жыл бұрын мопсты Мишель Грейди асырап алған. Джинни Лу бастауыш мектептерге барып, балаларға панасыз жануарларды асырап алудың маңызын түсіндіретін шараларға қатысады. Сондай-ақ ол хоспис пен есте сақтау қабілеті бұзылған адамдарға арналған орталықтардағы науқастарға көңіл күй сыйлап жүр.

Байқауда альбинос померандық шпиц пен чихуахуа тұқымдарының буданы Пинки екінші орын алып, 3 мың доллар иеленді. Чихуахуа тұқымдас Отто үшінші орынға тұрақтап, оның иесіне 2 мың доллар берілді.

Қатысушылар арасында Польшадан арнайы келген 12 жасар қытайлық айдарлы ит Клара да болды. Оның иесі Марселина Каспруш байқауға ақшалай сыйлық үшін қатыспағанын айтты. Оның сөзінше, егер бұл шарадан кейін бір адам болса да панажайдағы итті асырап алса, соның өзі жеңіс саналады. Байқауды ұйымдастырушылар шараның мақсаты иттерді келемеждеу емес екенін атап өтеді. Сайыс сыртқы келбеті ерекше жануарлардың да мейірім мен қамқорлыққа лайық екенін көрсетіп, адамдарды панажайдағы иттерді асырап алуға шақырады.

Тэгтер:

Байқау ит ұсқынсыз ит