Сингапур ғалымы өз-өзін 15 жылға "жасартты"

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Сингапур ұлттық университетінің профессоры Дин Хо өзіне сегіз ай бойы тәжірибе жүргізіп, ағзасындағы өзгерістерді үздіксіз бақылаған. Арнайы жасалған жасанды интеллект жүйесі 47 жастағы ғалымның биологиялық жасын шамамен 32 жас деп бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz medicalxpress.com-ға сілтеме жасап.

Алайда бұл нәтиже адамның нақты жасы 15 жылға кері айналды дегенді білдірмейді. 32 жас деген көрсеткіш қан сараптамасы, дене салмағы, бел өлшемі, қан қысымы және жүрек соғысы сияқты бірнеше көрсеткіш негізінде ЖИ моделі жасаған есеп қана. DELTA деп аталған зерттеуді Сингапур ұлттық университеті Медицина мектебінің Цифрлық медицина институтының директоры Дин Хо басқарған. Ерекшелігі сол, ғалым зерттеудің жалғыз қатысушысы ретінде өзін таңдаған. 2024 жылдың тамызында басталған тәжірибе әлі жалғасып жатыр. Оның алғашқы нәтижелері 2026 жылғы 12 тамызда рецензияланатын PLOS One ғылыми журналында жарияланды.

Зерттеудің мақсаты жылына бір рет жасалатын медициналық тексерумен шектелмей, адамның ұйқысы, тамақтануы, күйзелісі мен физикалық белсенділігіне қарай ағзаның қалай өзгеретінін күнделікті бақылау болды.

Сегіз ай бойы Дин Хо Whoop, Garmin және Apple Watch құрылғыларын қатар тағып жүрген. Бұл құралдар оның жүрек соғысын, ұйқысын, физикалық белсенділігін және қалпына келу деңгейін бақылауға мүмкіндік берген. Тәжірибе кезінде Дин Хо тәулігіне шамамен 20 сағат тамақтанбаған. Бірнеше рет 48 сағаттық ашығу режимін қолданып, әр таң сайын 90 минут күш жаттығуларын немесе кардиожаттығу орындаған. Оның рационы жапырақты көкөністерден, дәндерден, зәйтүн майынан, майы аз ақуызды тағамдардан және Жерорта теңізі ас мәзіріне тән басқа да өнімдерден тұрған. Сусын ретінде су, электролиттер, қантсыз әрі сүтсіз қара кофе мен шай ішкен.

Зерттеушілер өмір салтындағы әр өзгерістен кейін қандағы глюкоза, кетондар, холестеринге қатысты көрсеткіштер, қабыну белгілері, ұйқы сапасы және ішек микробиомы қалай өзгеретінін бақылаған.

Зерттеу тобы адам ағзасының күйзелістен кейін қаншалықты жылдам қалпына келетінін бағалайтын ЖИ-көмекші әзірлеген. Жүйе Дин Хоның 2025 жылғы сәуірдегі көрсеткіштері бойынша оның биологиялық жасын 31,8 жас деп есептеген. Модель АҚШ халқының анонимді медициналық деректері негізінде жасалған. Есептеу кезінде қандағы қант мөлшері, салмақ, бел айналымы, қабыну көрсеткіші, қан қысымы, жүрек соғысы, жынысы және нақты жасы сияқты онға жуық өлшем пайдаланылған. Зерттеу авторларының өзі бұл нәтижені адамның биологиялық тұрғыдан нақты жасарғанының түпкілікті дәлелі емес, жаңа болжам жасауға арналған тәжірибелік көрсеткіш деп сипаттайды.

Дин Хоның ағзасы қант жағудан май жағуға ауысатын метаболикалық кезеңге соңғы өлшемдердің бірінде шамамен 16,5 сағатта жеткен. Бұған дейін бұл үдеріс 20 сағаттан астам уақыт алған. Дегенмен авторлар бес өлшемге сүйене отырып, метаболизм жылдамдығы тұрақты түрде жақсарды деп кесіп айтуға болмайтынын ескертеді.

Ғалымның тыныштық кезіндегі жүрек соғысы минутына 65-тен 46 ретке дейін төмендеген. Ұйықтайтын уақыты түн ортасынан кешкі сағат 21:00 шамасына ауысып, жалпы ұйқы ұзақтығы бес сағаттан сегіз сағатқа жуықтаған. Терең ұйқының үлесі көбейіп, түнде ояу жататын уақыт азайған. Ішек микробиомында да бірқатар оң өзгеріс байқалған.

DELTA тәжірибесіне бір ғана адам қатысқан. Сондықтан оның нәтижесіне сүйеніп, дәл осындай режим басқа адамдарға да бірдей әсер етеді деуге болмайды. Сонымен қатар тамақтану, жаттығу, ұйқы және ашығу тәртібі қатар өзгергендіктен, оң нәтижеге нақты қай фактордың ықпал еткенін жеке анықтау мүмкін емес.

Зерттеушілер тәжірибені сол күйінде қайталауға емес, әр адамның өз денсаулығы туралы деректерін бақылап, соған сай қауіпсіз әрі жеке өзгерістер енгізуге назар аударуға шақырады. Ұзақ уақыт ашығу мен күнделікті қарқынды жаттығу барлық адамға жарамайды, сондықтан мұндай режимді дәрігердің кеңесінсіз қолданбаған жөн.

«Денсаулық бір сәттік көрсеткіш емес, уақыт өте өзгеріп отыратын тарих», деп түсіндірді Дин Хо Сингапур ұлттық университетінің хабарламасында.

Тэгтер:

ғалым жасарту