«SHAIQAS-2026» ұлттық инженерлік чемпионатында Ұлттық ұланның «Burkit Team» командасы Назарбаев Университетінің өкілдерімен бірлесіп, табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Чемпионат барысында команда бірнеше бағыт бойынша сынға түсті. «Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша «Burkit Team» құрамында азаматтық сала мамандары мен Ұлттық ұланның киберқауіпсіздік бөлімшелерінің штаттағы әскери қызметшілері бірлесіп жұмыс істеді.
Азаматтық мамандардың тәжірибесі мен әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы үйлесіп, аталған бағытта жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша «Burkit Team» жалпы командалық есепте 4-орынға ие болды. Команда «Тактика» және «Киберқауіпсіздік» бағыттарында 1-орынды жеңіп алса, «Квадрокоптерден граната тастау» сайысында 2-орынға табан тіреді.
Заманауи чемпионаттағы жеңістері үшін командаға кубоктар мен ақшалай сертификат табысталды.
«SHAIQAS-2026» чемпионатындағы нәтижелер Ұлттық ұланның «Burkit Team» командасының тактикалық даярлық, заманауи технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарындағы кәсіби деңгейін көрсетті.