Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне – 25 жыл
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне – 25 жыл
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ширек ғасырлық мерейтойын атап өтті. Сондай-ақ 30 сәуір күні ЖОО-да жыл сайын Университет күні тойланады.
"Түркістан шаһарының Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған жылына тұспа-тұс келіп отырған шараға жылдағы дәстүр бойынша түлектер арнайы қатысты. 1997 жылы оқу бітірген екі жүзге жуық түлек ТМД-ның түкпір-түкпірінен жиналды. Кездесу кешінің ашылу салтанатында университет президенті, профессор У.Әбдібеков, вице-президент, профессор М.Эрен түлектерді құттықтап, «25 жыл» мерейтойлық медалін табыстады", - деп атап өтті ЖОО-ның баспасөз қызметінен.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстанда ең алғаш ашылған (1991 жылдың 6 маусымы) халықаралық жоғары оқу орны және түркітілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған жалғыз білім және ғылым ордасы. Мұнда әлемнің 32 елінен келген жастар білім алады. 1992 жылдың 1 мамыры күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының сол кездегі премьер-министрі Сүлеймен Демирел Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік университетін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы коммюникеге қол қойды. Қазақ-түрік бауырластығының дәнекеріне айналған құжатқа бүгінде - 25 жыл. Университетте қазіргі таңда барлығы 10 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады, 54 бакалавриат, 30 магистратура және 11 докторантура бағдарламасы бойынша жоғары білімді кәсіби мамандар дайындалады. Университетте 22 білім беру бағдарламасы бойынша қашықтықтан білім беру технологиясы жүзеге асырылады. Түркияның Анкара қаласында орналасқан қашықтықтан білім беру орталығында ТүрТЕП бағдарламасы аясында 11 мамандық бойынша 4 мыңға жуық студент білім алады.