Компьютер ойындарынан енді иіс шығады

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: kickstarter.com

OVR Technology компаниясы компьютерлік ойындардағы көріністерге сәйкес иіс шығатын Omara Scent Display құрылғысына алдын ала тапсырыс қабылдай бастады. Жаңа гаджет ойыншы виртуалды орманға кіргенде қарағайдың, теңіз жағасына шыққанда тұзды ауаның, ал алау маңында түтіннің иісін сездіреді, деп хабарлайды turkystan.kz kickstarter.com-ға сілтеме жасап.

Omara ойын немесе қосымшадағы оқиғалармен синхрондалып жұмыс істейді. Белгілі бір орын, зат немесе кейіпкердің әрекеті пайда болған кезде құрылғы тиісті иісті автоматты түрде таратады. Өндірушінің мәліметінше, иіс 200 миллисекундтан аз уақытта шығып, шамамен жарты секунд ішінде басылады. Соның арқасында бір көріністің иісі келесі көрініске араласпайды. Құрылғыны компьютерге және виртуалды шынайылық жүйесіне сымды немесе сымсыз тәсілмен қосуға болады. Көлемі AirPods Pro құлаққабының қорабындай, ал салмағы шамамен 85 грамм. Оны компьютердің жанына қоюға немесе VR-шлемге бекітуге болады.

Ауыстырмалы картриджде 16 негізгі иіс бар. Олардың қатарында қарағай, гүл, теңіз ауасы, цитрус, дымқыл топырақ, ағаш, түтін және дәмдеуіш иістері кездеседі. Гаджет бір мезетте үш иісті араластыра алады. Omara Scent Studio қосымшасы арқылы олардың қарқындылығын реттеуге немесе қажет емес иістерді өшіруге мүмкіндік бар.

Әзірлеушілердің айтуынша, бір картридж 100 сағаттан астам ойын ойнауға немесе әр арна бойынша 3 мыңнан астам иіс импульсін таратуға жетеді. Ауыстырмалы картридждің бағасы 40 доллар. Компания қолданылатын қоспалардың IFRA халықаралық стандарттарына және Еуропалық одақтың аллергендерге қатысты талаптарына сәйкес келетінін мәлімдеді. Ойын әзірлеушілері Unity және Unreal Engine платформаларына арналған арнайы құралдар арқылы өз жобаларына иістерді қоса алады. Қазірдің өзінде Minecraft және Stardew Valley ойындарына арналған модификациялар әзірленіп жатыр. Дегенмен гаджет барлық ойында бірден жұмыс істемейді. Ол үшін ойынға ресми қолдау немесе арнайы модификация қажет.

Жоба бұған дейін Kickstarter платформасында жоспарланған 15 мың доллардың орнына 42,1 мың доллар жинаған. Қазіргі уақытта Omara құрылғысына 649 долларға алдын ала тапсырыс беруге болады. Алғашқы жеткізілімдер 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Тэгтер:

ойын компьютер иіс