Ақтөбе қалалық сотында қызметкер Б.-ның жұмыс беруші ЖШС-ге өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан келтірілген материалдық залалды өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот талқылауы барысында жазатайым оқиғаның еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және еңбек заңнамасының талаптарын сақтамаған жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталды. Оқиға салдарынан қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.
Іс материалдары мен медициналық сараптамалардың қорытындыларына сәйкес талап қоюшыға ІІ топтағы мүгедектік белгіленіп, кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесі 80 пайыз деп айқындалған.
Ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, сот талап қою талаптарын ішінара негізді деп таныды. Моральдық зиянды өтеу мөлшерін айқындау кезінде сот алған жарақаттардың сипаты мен ауырлығын, емделу ұзақтығын, мүгедектіктің белгіленуін, талап қоюшының тән және жан азабының деңгейін, сондай-ақ еңбек қызметін жүзеге асыру мүмкіндігінің едәуір шектелуі мен бұрынғы өмір салтының бұзылуын ескерді.
Сот шешімімен жұмыс берушіден талап қоюшының пайдасына 10 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы және дәрі-дәрмек сатып алуға, емделуге байланысты жол жүру шығындарын қамтитын 255 000 теңге мөлшерінде материалдық залал өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.