Жанарбек Әшімжан: Әр ісіміз, әр амалымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз

Бүгін, 15:25 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ult.kz

«Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаты Жанарбек Әшімжан қоғамдағы мәдениет, тәрбие және адамгершілік қарым-қатынастар мәселесін көтерді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, өркениетті қоғам құру қарапайым мәдениеттен, кісілік қарым-қатынастан және адам бойындағы жағымды дағдылардан басталады.

«Аталарымыз қашанда адамның тегіне, тәрбиесіне ерекше мән берген. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Бәріміз де текті атаның тұқымымыз. Бірақ кейде сол тектілік, атадан қалған өсиет қайда жоғалып барады?» — деп жазды ол.

Жанарбек Әшімжан бүкіл аймақтарды аралау барысында халық арасында тәлім-тәрбиеге, мәдениетке, дәстүрге және адамгершілік қарым-қатынастарға қатысты сұрақтардың жиі көтерілетінін атап өтті.

«Жаңаөзенде егделеу бір ағамыз айтты. Қызылордада орта жастағы кәсіпкер келіншек жанұшырып айтты. Қонаев қаласында көзтаныс энергетик ескертті. Күні кеше Алматыда, Ғылым академиясындағы жиында белгілі ғалым өткізіп, жеткізіп айтты», — деді кандидат.

Ол көшеде, қоғамдық көлікте және түрлі жиындарда орын алатын дөрекі әрекеттерге назар аударды.

«Көшеде жаға жыртысқан адамдарды, қоғамдық көлікте бір-бірін жерден алып, жерге салып жатқан жандарды, дөрекілік танытып жүрген жастарды, тойда анайы қылық көрсетіп жүрген іні-қарындастарымызды “желі шыққыр” желіден жиі көреміз.

Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы — адамгершілік қайда?» — деп сұрақ қойды ол.

Жанарбек Әшімжанның пікірінше, өркениет пен мәдениет адамның тегі мен ділінен басталады. Ол өзгенің қателігін сынамас бұрын әр адам өзін тәрбиелеуі қажет екенін айтты.

«Бүгінгі таңда тұтас қоғамдық тәртіп, қоғамдық мәдениет күннен күнге әлсіреп бара жатыр. Әуелі бұл алаңдаушылық Мемлекет басшысы деңгейіне дейін жетті. Байқасаңыздар, Президент осы мәселеге қатысты бірнеше рет дабыл қақты», — деп жазды ол.

Кандидат өркениетті мемлекет құру халықтың мәдениеті мен қоғамдық әдебінен басталатынын атап өтті. Оның сөзінше, оның негізіне дұрыс амандасу, айналаға құрметпен қарау, тәртіп сақтау, көрінген жерге қақырынып түкірмеу, тұқыл лақтырмау және адамның ала жібін аттамау секілді қарапайым құндылықтар жатады.

«Сондықтан өркениетті, дамыған ел боламын десек, тал-бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық! Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Уақыт көшіне ілескені — бірге жасайды. Ілесе алмағаны — қалады», — деді Жанарбек Әшімжан.

Сондай-ақ ол әр адамның күнделікті әрекеті қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға әсер ететінін айтып, жақсы әдетті өзімізден бастауға шақырды.

«Әр ісіміз, жасаған әр амалымыз, әр қадамымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз. Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді. Соны ұмытпайық!!!» — деп қорытындылады ол.