«Әділет» партиясы мен IT-қоғамдастық AI саласын дамыту мәселесін талқылады

Бүгін, 12:44 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Алматыда Республикалық сайлауалды штаб стартаптар негізін қалаушылармен, инженерлермен және IT-индустрия өкілдерімен кездесті. Farabi IT Hub алаңында жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық экспорт, цифрлық инфрақұрылым және отандық әзірлеушілерді қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин қазақстандық IT-қызметтер экспорты қазірдің өзінде 1,1 миллиард доллардан асқанын, ал отандық шешімдер 110 елге жеткізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, саланы дамытудың келесі кезеңі адами капиталмен және отандық технологиялық компаниялардың өсуіне жағдай жасау қадамымен байланысты болып отыр.

«Басты құндылық – адами капитал. «Әділет» партиясының бағдарламасында 5 миллион адамды жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына оқытуды мақсат етіп қойдық. Осы мақсатта университеттерде, колледждерде және тікелей жұмыс орындарында толыққанды оқыту бағдарламалары енгізіледі», – деді Бағдат Мусин.

Құрылтай депутаттығына кандидат Қаныш Төлеушин партия өз жұмысында енгізген цифрлық шешімдері туралы баяндады. «Әділетте» партияға кіру және партиялық билет алу процестері цифрландырылған, жасанды интеллект ассистенті, ішкі AI-көмекші және азаматтардың өтініштерін тіркеп, партия міндеттемелерінің орындалуын қадағалайтын цифрлық штаб жұмыс істейді.

«Біз «Әділет» партиясында өзгерісті өзімізден бастадық. Бұл тәжірибені Парламент жұмысына және заң шығару процесіне ауқымды түрде енгізуді жоспарлап отырмыз. Бағдарлама аясында қалған 3 мың ауылдық елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету міндетін де көздеп отырмыз», – деді Қаныш Төлеушин.

Бағдарламаның басқа да бастамалары қатарында жасанды интеллект саласында 100 мың бейінді маман даярлау, AI-университетін дамыту және TUMO инновациялық мектептерін кеңейту қадамдары бар. Сондай-ақ дербес деректерді қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және мемлекеттік басқару ісіндегі процестерді автоматтандыру көзделуде.

Higgsfield Group вице-президенті Тимур Маулешев технологиялық саланы неғұрлым жедел реттеу қажет екенін назар аударып, бұл міндеттің шешімін «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған тәсілдерден көретінін атап өтті.

«Партия бағдарламасында көзделген қуатты институттар технологиялардың дамуы мен заңнама арасындағы алшақтықты қысқартуға мүмкіндік береді. Стартап иелері мен кәсіпкерлерді сайлауға келіп, «Әділет» партиясын қолдауға шақырамын», – деді Тимур Маулешев.

Farabi IT Hub басшысы Бабажан Иманбек Жастар бастамаларын қаржыландыру мәселесін көтерді. Қатысушылар грант бөлу тетіктерін және технологиялық жобаларды венчурлік қаржыландыруды дамыту мәселелерін талқылады. Кандидаттардың айтуынша, цифрландыру мен инновацияларды қолдау мәселесі «Әділет» партиясының бағдарламасында ерекше орын алады.

Жиын соңында кандидаттар IT-қоғамдастық өкілдерінің кездесуде айтқан ұсыныстары партияның цифрландыру және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту саласындағы бастамаларымен жұмыс істеу барысында ескерілетінін атап өтті.