Елбасының мақаласы түрік тіліне аударылды
Елбасының мақаласы түрік тіліне аударылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы түрік тіліне аударылды. Түрікше мақаланың толық нұсқасы Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің Фейсбуктегі парақшасында жарияланды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған болатын. Мемлекет басшысы мақала кіріспесінде Қазақстан үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Осылайша, еліміз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып отыр. Мақсат – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз», - деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ Елбасы қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жететінін қадап айтты. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп атап өтті. Еске салайық, үстіміздегі сәуір айының басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Абзал Сапарбекұлы тағайындалды.