221 күн комада жатқан: Жекпе-жек кезінде жарақат алған 33 жастағы боксшы қайтыс болды

14 тамыз, 2026 / Жамбыл Жайлау
Patrick Smith/Getty Images

Кәсіпқой бокста бірде-бір рет жеңілмеген пуэрторикалық Причард Колон 33 жасында қайтыс болды. Оның өмірін 2015 жылы өткен жекпе-жекте алған ауыр жарақат түбегейлі өзгерткен еді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Причард Колон 23 жасында болашағынан зор үміт күттіретін боксшылардың бірі саналды. Кәсіпқой рингке дейін ол Пуэрто-Рико чемпионы атанып, жастар арасындағы Панамерика ойындарында алтын медаль жеңіп алған.

Кәсіпқой мансабында Колон 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 13 жекпе-жегі нокаутпен аяқталған.

2015 жылғы 17 қазанда ол америкалық Террел Уильямспен жұдырықтасты. Кездесу барысында Колон желке тұсынан бірнеше рет ережеге қайшы соққы алғанын айтып, төрешіге шағымданған.

Тоғызыншы раундта кезекті ауыр соққыдан кейін боксшы құлап түсті. Ол жекпе-жекті жалғастырғанымен, кейін жағдайы күрт нашарлаған.

Кездесу аяқталған соң Колон есінен танып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның миына қан құйылғанын анықтады. Бас сүйек ішіндегі қысымды азайту үшін шұғыл операция жасалып, спортшы жасанды комаға енгізілді.

Причард Колон 221 күннен кейін есін жиғанымен, толық қалпына келе алмады. Ол қозғалу және сөйлеу қабілетінен айырылып, кейінгі жылдарын ерекше күтіммен өткізді.

Отбасы мен жақындары оның денсаулығы жақсарады деген үмітін ұзақ уақыт үзбеген. Алайда 2026 жылғы 14 тамызда бұрынғы боксшының 33 жасында өмірден өткені белгілі болды.

Өтімді тақырып: 16 жекпе-жекте жеңілмеген еді: бір соққы өмірін өзгерткен боксшы 33 жасында қайтыс болды

Тэгтер:

Причард Колон