Қарағандыдағы мектептердің бірінің екі бухгалтеріне қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Олар жалпы сомасы 305,6 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, заңсыз ақша аударымдары 2010 жылы басталып, 2024 жылдың маусымына дейін жалғасқан.
Сот анықтағандай, бастапқыда бас бухгалтер бұл әрекетті жалғыз өзі жүзеге асырған, ал 2012 жылы схемаға екінші бухгалтер қосылған. Олар штаттық кестеге, жұмыс уақытын есепке алу табельдеріне, есеп айырысу ведомостарына, «1С» бағдарламасы мен «Клиент-Қазынашылық» жүйесіне қол жеткізе отырып, түрлі төлемдерді жүргізу кезінде ақша алушылардың деректемелерін өзгертіп отырған. Нәтижесінде қызметкерлердің жалақысына, еңбек демалысына, еңбекке жарамсыздық парағына және басқа да төлемдерге арналған қаражат бухгалтерлердің банктердегі жеке шоттарына аударылған.
Осы уақыт аралығында сотталғандардың бірі 192,5 млн теңге, ал екіншісі 113 млн теңге алған. Іс материалдарына сәйкес, заңсыз аударымдардың көлемі уақыт өте келе ұлғайған. Мәселен, тек 2023 жылдың өзінде бірінші бухгалтердің шотына шамамен 24,8 млн теңге, ал екіншісінің шотына шамамен 20,7 млн теңге аударылған.
Сотта айыпталушылардың бірі өз кінәсін толық мойындады. Ал екіншісі, керісінше, кінәсін мойындамай, артық есептелген қаражатты алғанын, оны банкоматтардан шешіп, қолма-қол ақшамен басқа бухгалтерге бергенін айтты. Оның сөзінше, екінші бухгалтер қателесіп аударылған ақшаны қайтаруды талап еткен. Алайда сот бұл нұсқаны қабылдамай, оны кінәлі деп таныды.
Сотталғандардың біріне алты жыл, екіншісіне жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, бостандыққа шыққаннан кейін оларға бес жыл бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот келтірілген шығынды өндіру туралы да шешім шығарды. Сотталғандардың бірінен жеке тәртіппен 8,65 млн теңге, ал екеуінен ортақ тәртіппен тағы шамамен 295 млн теңге өндірілетін болды.
Үкім шығарылғанға дейін әйелдер үйқамақта болған. Сот шешімі жарияланғаннан кейін олар сот залында қамауға алынды.
Қарағанды облыстық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін 2026 жылдың шілде айының соңында сот үкімі заңды күшіне енді.