Астанадан Семейге синтетикалық есірткі жеткізумен айналысқан азамат ұсталды

Бүгін, 16:25 / Алуа Арман
istockphoto.com

Абай облысы прокуратурасы мен ҰҚК қызметкерлері синтетикалық есірткі жеткізетін тұрақты арнаның заңсыз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Семей қаласының тұрғыны синтетикалық есірткілерді Астана қаласынан жүйелі түрде жеткізіп, оларды облыс аумағында одан әрі таратумен айналысқан.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында заңсыз айналымнан жалпы құны 50 млн теңгеден асатын 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Тәркіленген есірткі көлемі қолданыстағы заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшерге жатады.

Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайын, сондай-ақ оған қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. 

Абай облысының прокуратурасы есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты сақтау, тасымалдау, дайындау, өңдеу, жөнелту, өткізу және өзге де заңсыз әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

Есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау, жолын кесу және олардың алдын алу жұмыстары прокуратура органдарының ерекше бақылауында.

 

Тэгтер:

Есірткі Семей синтетика