Қызылорда облысында 161 млн теңге тұратын мүлік мемлекетке қайтарылды

Бүгін, 16:11 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қызылорда облысының Байқоңыр қаласының прокуратурасы мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңдылықтың сақталуына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеріс барысында 2024-2025 жылдары мемлекеттік меншіктегі 9 нысан бірқатар міндетті талаптарды орындау шартымен сенімгерлік басқаруға берілгені анықталды.

Атап айтқанда, сенімгерлік басқарушылар нысандарда бір жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, азаматтарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, белгіленген мерзімдерде есептер ұсынуға, сондай-ақ мүлікті нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндеттенген.

Алайда баланс ұстаушы («Ғарыш-Инфрақұрылым» КММ) тарапынан бұзушылықтарды жою туралы бірнеше мәрте талаптар мен ескертулер берілгеніне қарамастан, сенімгерлік басқарушылар өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған және шарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Аталған мән-жайлар мүлікті мемлекетке қайтаруға негіз болады.

Байқоңыр қаласы прокуратурасының ұсынуымен жалпы құны 161 млн теңгені құрайтын 5 нысан бойынша мүлікті кейіннен сатып алу құқығымен жасалған сенімгерлік басқару шарттары біржақты тәртіппен бұзылып, мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып,Байқоңыр қаласының прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.

Тэгтер:

Қызылорда облысы Байқоңыр қаласы