Respublica партиясы Оралда құрылыс материалдарын өндіретін жұмысшылардың ұсыныстарын тыңдады

Бүгін, 22:58 / Інжу Әлихан
Respublica партиясы

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Батыс Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Батыс Қазақстан Құрылыс Материалдары Корпорациясы» ЖШС-не барды. Кездесуге Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров, VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Динара Наумова, Тахмина Нағұманова және Зүлфия Оразғалиева қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту, отандық кәсіпорындардың жұмыс жағдайын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Айтуар Қошмамбетов кәсіпкерлік қызметке шамадан тыс қысым жасамау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Respublica партиясы оңайлатылған салық режимін сақтау және шағын және орта бизнеске жүргізілетін тексерулерді шектеу бағытында бірқатар бастама көтерген.

«Заңдар кәсіпкерлерге жұмыс істеуге жағдай жасауы тиіс, аяқтан шалу емес», – деді Айтуар Қошмамбетов.

Кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Наумова әлеуметтік әділеттілік пен инклюзия мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, Respublica партиясы мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарына қатысты заңнамалық түзетулерге, вейптердің айналымын шектеуге, шағын несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге және лудоманияның алдын алуға бағытталған бастамалар ұсынған.

Құрылыс саласының өзекті мәселелері де назарға алынды. Кәсіпорын қызметкерлері шикізат пен энергия ресурстары бағасының өсуі, жеткізу шығындарының артуы, логистикалық тізбектердің бұзылуы, экологиялық талаптардың күшеюі және білікті мамандар тапшылығы өндірістің тұрақты жұмысына әсер етіп отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында Respublica партиясының өкілдері кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, өндіріс саласындағы мәселелер бойынша пікір алмасты. Қатысушылар отандық өндірісті дамыту, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау және еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайту мәселелерін талқылады.

Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасында өнеркәсіпті дамыту, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағыттары қамтылған.

Сондай-ақ Respublica партиясы кәсіпорындарда көтерілетін нақты мәселелерді заңнамалық тұрғыдан қарастырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесуге қатысушылар өндіріс саласындағы ұсыныстарын ортаға салып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Жиын соңында Respublica партиясының өкілдері айтылған ұсыныстар мен пікірлерді назарға алып, еңбек ұжымдарымен ашық диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті. Respublica партиясы өндіріс, кәсіпкерлік және еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша пікір алмасуға басымдық беретінін жеткізді.

Тэгтер:

Respublica партиясы