«Әділет» партиясы: автокөлік өндірісінің өсуі халықтың әл-ауқатына қызмет етуі керек

Бүгін, 15:28 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Отандық өндірістің дамуы халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және кәсіби өсуге мүмкіндік беруге тікелей ықпал етуі керек. Бұл туралы «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Алматыдағы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ұжымымен кездесуде айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Республикалық сайлауалды штаб мүшелерімен ашық пікір алмасуға кәсіпорыннан дәнекерлеушілер, инженерлер, шеберлер мен басқа да 200-ден астам маман қатысты.

Ұжым алдында сөз сөйлеген Айбек Дәдебай жаңа Конституцияда адамға, оның лайықты әрі қауіпсіз еңбек ету құқығына және әлеуметтік кепілдіктеріне ерекше мән берілгенін атап өтті. «Әділет» партиясының міндеті – осы нормалардың іс жүзінде орындалуын бақылап, оларды заңнамада бекіту.

«Жаңа Конституциямызда адамның еңбегі лайықты бағаланса, жұмыс орны тұрақты болса және әлеуметтік кепілдіктер қамтамасыз етілсе деген талаптардың барлығы нақты енгізілген. Әрине, үлгілі кәсіпорындар бұндай шараларды бұрыннан да қабылдап, қамтамасыз етіп келеді. Біз бұл талаптарды заңнамаға да тиісті дәрежеде енгіземіз және олардың орындалуын қадағалаймыз. Бағдарламамыздың өзегінде адам және оның әл-ауқаты тұр», - деп атап өтті партия төрағасы.

Айбек Дәдебай отандық автокөлік өндірісін дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жүйелі қолдауының арқасында соңғы алты жылда Қазақстанда автокөлік өндірісі шамамен 3,5 есеге, нақтырақ айтсақ, жылына 50 мыңнан 171 мың көлікке дейін өсті. Ендігі міндет – отандық бөлшектердің үлесін арттыру, білікті мамандар даярлау және жаңа жұмыс орындарын ашу. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы осы мақсаттарға бағытталған.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері маман даярлау және автокомпоненттер шығаратын отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін көтерді.

Дәнекерлеу цехының басшысы Руслан Кончалеев партияның жас мамандарды тарту және оқыту жөніндегі жоспарларын сұрады. Құрылтай депутаттығына кандидат Айдос Сарым «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Ғылым – білім – өндіріс» моделін дамыту, дуалды оқытуды және өндірістік тәжірибені кеңейту көзделгенін айтты.

Бас директордың бірінші орынбасары Илья Рубцов отандық автокомпонент өндірушілерін қолдауды күшейтіп, оларды ірі кәсіпорындардың өндірістік тізіміне белсендірек тартуды ұсынды. Партия өкілдері жергілікті өндірісті дамыту отандық бизнесті қолдау және сапалы жұмыс орындарын ашуға бағытталған бағдарламалық басымдықтарға сәйкес келетінін атап өтті.

Кәсіпорын қызметкері Тұрсынкүл Бектауова тұрақтылық пен әлеуметтік кепілдіктердің маңызын атап өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасын қолдайтынын білдірді.

«Біз сіздерді қолдаймыз, сенеміз және алдағы сайлауда «Әділет» партиясына дауыс береміз», - деді ол.

Кездесуді қорытындылаған Айбек Дәдебай партияның сайлауалды бағдарламасы Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін атап өтті.

«Бұл бағдарлама кабинетте отырып жазылған жоқ. Біз халықпен кездестік, Президентіміздің стратегиялық құжаттарын зерделедік. Бағдарламаның әр тармағы бір-бірін толықтырып, біртұтас дамуға жетелейді. Оның ортасында қарапайым азаматтарымыз тұр. Біздің бағдарламамыз адамның әл-ауқатын арттыруға арналған. Бизнес те, мемлекет те – барлығы қазір адам игілігі үшін қызмет етуі керек», - деп атап өтті партия төрағасы.

«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Алматыдағы жұмысы жалғасып жатыр. Күні бойы кандидаттар «Өсетін уақыт келді!» бизнес-форумын өткізіп, академиялық және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездеседі, IT-стартаптарды дамыту мәселесін талқылайды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысады.