Ресей ғалымдары пластикті отынға айналдыратын катализатор әзірледі

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Новосібір мемлекеттік университеті мен Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Катализ институтының ғалымдары пластик қалдықтарын мотор отынына айналдыруға арналған катализатор әзірледі. Университет мәліметінше, оны өндіру тәсілі патенттеліп, технология өнеркәсіптік деңгейде сынақтан өткізіле бастаған, деп хабарлайды turkystan.kz ria.ru-ға сілтеме жасап.

Жобаның мақсаты – қайта өңдеуге келмейтін полиэтилен мен полипропилен қалдықтарынан керосин және дизель отынына жарамды көмірсутек фракцияларын алу. Ғалымдар бұл технологияны бірнеше жылдан бері «Ониум плюс» компаниясымен бірге дамытып келеді.

Технология бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен пластик жоғары температурада оттегісіз ортада пиролизденеді. Соның нәтижесінде пиролиз майы түзіледі. Алайда оны қозғалтқышқа бірден құюға болмайды: құрамында тұрақсыз қосылыстар көп болғандықтан, шикізатты қосымша каталитикалық өңдеуден өткізу қажет.

Новосібірлік ғалымдардың негізгі міндеті осы кезеңге тиімді катализатор таңдау болған. Соңғы тәжірибелерде қымбат бағалы металдарды қажет етпейтін никель негізіндегі жүйелер жақсы нәтиже көрсеткен. Зерттеушілер мұндай катализаторлардың пиролиз майын өңдеп, төмен температурада қасиетін жоғалтпайтын керосин және дизель фракцияларын алуға мүмкіндік беретінін хабарлады.

Бұған дейін университет зертханасында пластиктен алынған пиролиз өнімінен алғашқы тәжірибелік үш литр керосин өндірілген еді. Кейінгі жұмыстарда алынатын отынның төмен температурадағы қасиеттері де жақсартылған: зерттеушілер өнімнің лайлану температурасын минус 20 градустан төмен, кейбір жағдайда минус 40 градусқа дейін түсіре алған.

Катализатордың құрамын пиролиз майының ерекшелігіне қарай өзгертуге болады. Осылайша технологияны қажетті өнімге, соның ішінде авиациялық керосинге жақын фракциялар алуға бейімдеу көзделіп отыр.

Дегенмен әзірлеме толық дайын деп айтуға әлі ерте. Катализатордың бастапқы нұсқасы негізінен полиэтилен мен полипропиленнен тұратын бақыланатын шикізатта сыналған. Ендігі міндет – оны қалалық қоқыс полигондарынан алынған аралас пластиктен өндірілген нақты пиролиз майына бейімдеу.

Мұндай шикізаттың құрамы әлдеқайда күрделі. Оның ішінде әртүрлі пластик, қоспалар және бөгде химиялық заттар болуы мүмкін. Сондықтан модельдік шикізатқа тиімді болған катализатор нақты өндірістік қалдықтар үшін қайта жетілдірілуі қажет.

Сонымен бірге технология өндірістік деңгейге біртіндеп шығарылып жатыр. «Ониум плюс» кәсіпорнында пилоттық қондырғыда ұзақ мерзімді сынақтар жүргізілсе, НГУ зертханасында ғалымдар катализатордың құрамы, температура, қысым және басқа технологиялық параметрлерді жетілдіруде.

Университет болашақта катализаторды арнайы пилоттық зертханада өндіруді жоспарлап отыр. Ол НГУ-дің жаңа ғылыми-зерттеу орталығында орналасуы тиіс.

Жобаның түпкі мақсаты – сұрыпталғаннан кейін де кәдімгі механикалық қайта өңдеуге жарамайтын пластикті полигонға көму немесе жағудың орнына, оны қайтадан сұйық отын өндірісіне арналған шикізатқа айналдыру. Катализ институты бұған дейін де пластиктен алынған пиролиз майының сапасын жақсартатын технологияларды зерттеп, ондағы хлор мөлшерін жүздеген есе төмендетуге мүмкіндік беретін катализаторларды сынаған.

Тэгтер:

пластик қалдық отын катализатор