Қоқыстан қалай құтыламыз?

Бүгін, 14:45 / Арайлым Жолдасбекқызы

Қазақстан жыл сайын миллиондаған тонна қалдыққа «батып» жатыр.  Астана, Алматы мен Шымкенттің полигондары шегіне жетті. Егер жүйе өзгермей, немқұрайлылық созыла берсе, топырақ пен су уланып, экологиялық катастрофаға айналады. Өркениетті әлем бұл тығырықтан шығудың жолын әлдеқашан тапқан. Бірі полигонға қоқыс көмуді заңмен тыйып, 99 пайыз қалдықты қайта өңдесе, бірі метаннан биогаз өндіріп, ресурстарды қайта айналымға енгізді. Ал біздің ел бұл дағдарыстан шыға ала ма, әлде таяу келешекте жарамсыз қоқыс алаңдарының астында қала ма?

Қағаздағы құр сандар

Әңгімемізді еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың жағдайына талдау жасаудан бастасақ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлік әкімдіктердің ресми деректері саладағы инфрақұрылымның ауыр дағдарысты бастан кешіп отырғанын айғақтайды. Ел аумағындағы 3 мыңға жуық полигонның небәрі 20-21 пайызы ғана санитарлық әрі экологиялық стандарттарға сай келеді. Қалған 80 пайызға жуық қоқыс алаңы заң талаптарын орындамай-ақ жұмыс істейді. Бұл нысандардың басым бөлігінде топырақ пен жерасты суын уланудан қорғайтын экрандар, фильтрат жинау және метан газын бұру жүйелері, тіпті қарапайым таразылық бақылау мен дезинфекция тоғандары атымен жоқ. Бұдан бөлек стихиялы қоқыс үйін­ділері де созылмалы дертке ай­нал­ған. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ком­паниясы жыл сайын 5-тен 8 мыңға дейін заңсыз қоқыс ошақтарын анық­тай­ды. Әкімдіктер олардың басым бөлігін «жой­дық» деп есеп бергенімен, келесі мау­сым­да сол аумақта жаңа қоқыс алаңдары қай­та бой көтереді. 2020-2026 жылдар ара­лығындағы динамика бұл дағдарыстың ушығып бара жатқанын айқын көрсетеді. Алты жыл бұрын жылдық қалдық көлемі 4,5 миллион тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 5 миллион тоннадан асып тү­седі. Ал талапқа сай келетін инфрақұры­лым үлесі 20 пайыздың төңірегінде теңсе­ліп тұр. Бұл мемлекеттік инвестициялар­дың халық саны мен тұтыну деңгейінің өсу қарқынына мүлде ілесе алмай жат­қа­нын дәлелдейді.
Өңірлердегі жағдай да әркелкі. Жаңа­дан құрылған Абай мен Ұлытау облыс­тарын­дағы полигондардың 90 пайыздан астамы – заңдастырылмаған ашық үйін­ділер. Халық тығыз орналасқан Алматы мен Түркістан облыстары заңсыз қоқыс ошақтарының түзілуі бойынша көш бастап тұр. Ал Ақтөбе мен Маңғыстау об­лыс­тарында басты полигондар 80-90 пайызға толып, жиі болатын өрт аймақ-тағы эко­логиялық жағдайды ушықтырып жі­бер­ді. Осы орайда, Алматы қаласы жылына 400 мың тоннадан астам қалдық-ты сұрып­таумен, ал Астана мен Қарағанды облысы бөлек жинау және сұрыптау қуат­тылығын арттырумен оң нәтиже көрсетіп келеді.
Десе де, саладағы сәйкессіздік мен бұр­­малаушылық көзге ұрады. Ұлттық ста­тистика бюросы бұл салада 200-ден астам қоқыс алаңын есепке алса, Экология ми­нистр­лігі ауылдық округтердегі иесіз қо­қыс алаңдарын қоса есептеп, 3 мыңдай ны­санды көрсетеді. Бұдан бөлек, ресми есепте қайта өңдеу деңгейі 24-26 пайыз деп айтылғанымен, бұл санға негізгі өңдеу емес, полигонға түскен қалдықтан картон, металл немесе пластикті сұрыптап  алып қалу көрсеткіші кіріп кетеді. Сарап­шы­лардың бағалауынша, ел бойынша нақты қайта өңдеу үлесі 10-12 пайыздан аспайды. Ғарыштық мониторинг анықтаған ошақ­тарды әкімдіктер «жойдық» деп рапорт бергенімен, көбіне қоқысты жақын маң­дағы ораусыз шұңқырларға көме салады. Бұл қағаз жүзінде статистиканы түзегені­мен, нақты экологиялық қатерді сейілтпей отыр.

Жасырын қауіп

Полигондарда органикалық және органикалық емес қалдықтар ара­ласып жатады. Жауын-шашын ылға­лы мен оттегісіз анаэробты орта ауыр токсинологиялық процестерді «іске» қосады. Ең әуелі, қалдықтар мен судың қо­сылуынан фильтрат деп аталатын аса қауіпті сұйықтық түзіледі. Халықаралық талаптар бойынша бұл сұйықтық гид­рооқ­шаулағыш экрандармен тазартылуға тиіс. Бірақ Қазақстандағы полигондардың 80 пайызында мұндай қорғаныс мүлде жоқ. Нәтижесінде, құрамында қорғасын, кад­мий, мыс сияқты ауыр металдар, фе­нол­дар, пестицидтер мен аммиак бар улы сұйықтық топыраққа сіңіп, жерасты су­ларына таралады. 
Екіншіден, органиканың ыдырауынан бөлінетін биогаздың (полигон газы) 50-60 пайызын метан, 40-45 пайызын көмір­қор­ғасын газы, ал қалғанын күкіртсутек пен бен­зол сияқты микроқоспалар құрайды. Метанның парниктік әсері көмірқорғасын газынан 28-36 есе жоғары. Ал қоқыс ішін­де өрт тұтанып, пластмассалар жанған кезде атмосфераға ең қауіпті канцеро­ген­дер – диоксиндер мен фурандар, сондай-ақ PM2.5 және PM10 майда бөлшектері та­райды. Мұнымен қоса, бақылаусыз жат­­қан бұл аумақтар егеуқұйрық, шыбын және дала құстары арқылы ішек ин­фек­ция­сы, туляремия мен құс тұмауын тасы­мал­д­айтын санитарлық-биологиялық ошақ­қа айналды. 
Біз айтып отырған қатерлер абст­рак­тілі теория емес, нақты ғылыми сарапта­ма­лар мен гидрогеологиялық деректер. Алматы облысының Қарасай, Абай және Іле аудандарында жүргізілген зерттеулер жерасты суларындағы нитраттар мен ауыр металдардың мөлшері шекті нор­мадан 5-15 есе артқан. Сонымен қатар Аста­на эко-полигонының 1-2 шақырым ра­диусындағы топырақ құрамында кад­мий мен қорғасынның қауіпті деңгейде жи­нақталғаны анықталды. Ауа бас­сейні­нің ластануы да дабыл қағарлық деңгейге жет­кен. Ақтөбе мен Оралдағы көпжылдық өрт салдарынан атмосферадағы күкір­т­су­тек деңгейі нормадан 10-20 есе, ал PM2.5 бөл­шектері ДДҰ қауіпсіз шегінен 8-12 есе асып кетті. Осылайша, еліміздегі поли­гон­дар­дан жылына жүздеген мың тонна ме­тан ауаға тарап жатыр. БҰҰ Даму бағдар­ла­масының есептеуінше, бұл процесс ға­ламдық климатқа да кері әсерін тигізуде. 

Тозығы жеткен инфрақұрылым

Соңғы он жылдықта Қазақстанда жыл сайын түзілетін коммуналдық қалдықтардың көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Егер 2015 жылы республика бойын­ша жылына шамамен 4,2-4,3 миллион тон­на тұрмыстық қатты қалдық шықса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,7-4,8 миллион тон­наға, ал 2025-2026 жылдары 5,2-5,5 мил­лион тонна межесіне дейін жетті. Яғ­ни, он жыл ішінде қалдықтардың жылдық көле­мі 20-25 пайызға өскен.  
Ең өкініштісі, жиналған қоқыстың ба­сым бөлігі, яғни 75 пайызы әлі де болса еш­қандай өңдеусіз, тікелей полигондарға төгіледі. Осының салдарынан еліміздің по­­лигондары мен қоқыс тастау орында­рын­да жинақталған қалдықтардың жал­пы көлемі бүгінде 120-130 миллион тон­на­дан асып жығылады. Үсті-үстіне жи­нал­ған бұл салмаққа төтеп беретін инф­ра­құрылымның тозығы жеткен. Себебі по­лигондардың 80 пайыздан астамы өткен ға­сырдың 70-80 жылдарында жобаланып, пай­далануға берілгендіктен, олардың 20-25 жылға есептелген жобалық мерзімі әлдеқашан аяқталған.
Қалдықтардың мұндай қарқынмен жинақталуына демографиялық және әлеуметтік-экономикалық факторлар да тікелей әсер етіп отыр. Ел халқының 20 миллионнан асуы, ауылдық жерлерден мегаполистерге ішкі миграцияның же­делдеуі қалдықтардың белгілі бір ірі нүктелерде шоғырлануына алып келді. Бүгінде мегаполистер мен облыс орталық­тарында жан басына шаққандағы қалдық түзілу көрсеткіші жылына 300-400 келіге жетсе, ауылдық жерлерде бұл меже 150-200 келі төңірегінде.
Бұған қоса, соңғы он жылда мар­кетп­лейстердің, тағам жеткізу қыз­меттерінің және ірі супермаркеттер же­лісінің көбеюі орауыш материалдардың, яғни қаптама, пластик, картон мен по­лиэтиленнің үлесін барынша арттырды. Егер бұрын тұрмыстық қалдықтардың құрамында органика басым болса, қазір олардың үлесінің 50 пайыздан астамын ыдырауы қиын синтетикалық қаптамалар құрайды. Оның үстіне ірі қалалардағы құ­ры­лыс қарқыны да қоқыстардың көле­мін көбейтіп отыр.
Қалыптасқан жағдайды сараптай келе, қазіргі полигон инфрақұрылымы алдағы 3-5 жылда түзілетін қалдық көлемін са­палы әрі экологиялық қауіпсіз түрде қа­был­дауға мүлдем қабілетсіз деген қоры­тынды жасауға болады. Мұндай қауіпті тұжырымға, ең алдымен, полигондардың шекті сыйымдылығының таусылуы негіз болып отыр. Республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары мен Ақтөбе, Орал, Семей, Шымкент, Тараз сияқты ірі қалалардың полигондары 80-90 пайызға толған. Олардың резервтік сыйымдылығы тіпті алдағы 2-3 жылдық жүктемеге де жет­пейді.
Елдің басты екі шаһарындағы жағдай да мәз емес. Астанадағы жалғыз ресми эко-полигонның екінші ұяшығы толуға жақындады, ал жаңа ұяшықтар құрылысы мен полигонды кеңейту жұмыстары кейінге қалып келеді. Алматы қаласының қалдықтары Қарасай және Іле аудан­дарын­дағы полигондарға тасымалданады, бірақ олар да толып бітті. Мәселені ушық­ты­рып отырған тағы бір жайт – терри­тория­лық және қаржылық шектеулер. Жаңа полигондар салу үшін Экологиялық кодекске сай санитарлық-қорғау аймақ­тарын сақтау, жер телімдерін бөлу және электр, жол, гидрооқшаулағыш сияқты инфрақұрылым жүргізу өте қымбатқа түседі. Жергілікті әкімдіктердің бұған қаражаты жеткіліксіз, ал тарификатордың төмендігі себебінен бұл салаға жеке ин­весторлардың келуге ынта жоқ.

Қайтпек керек?

Қалдықтарды сұрыптау мен өңдеудің халықаралық тәжірибесін зерделеу – Қа­зақстандағы полигон инфрақұрылы­мын қазіргі жүйелі тығырықтан алып шығар басты бағдар. Әлемдік тәжірибе көрсет­кен­дей, қоқыс алаңдарын азайтудың ең тиімді әрі жалғыз жолы – полигонға қал­дық көму құнын барынша қымбаттату, қай­та өңдеу ісіне қомақты қаржылай қол­дау көрсету және қалдықтан энер­ге­тика немесе материал өндіру. Осы орайда Еуропаның дамыған мемлекеттері мен экономикалық, географиялық құрылымы бізге ұқсас келетін елдердің қалыптасқан модельдері ерекше назар аудартады. Мәселен, Германия мен Швеция Zero Waste to Landfill, яғни полигонсыз экономика қағидатын берік ұстанады. Германияда 2005 жылдан бастап өңделмеген, құра­мында бес пайыздан астам органикалық заты бар қалдықтарды жерге көмуге заң­мен қатаң тыйым салынған, бұл әлем­дік тәжірибеде landfill ban деп аталады. Қо­қыстан тозған жерлерді қалпына дұрыс келтірмеу, стандартқа сай емес қоқыс орындарын пайдалану тікелей заңсыз деп та­нылды. Бұған қоса, бұл елдерде тұрғын­дар шығарған қоқыс көлеміне қарай ақы төлейтін PAYT жүйесі енгізілген. Аталмыш экономикалық тетік халықты қалдықты өз үйінде барынша мұқият сұрыптауға ша­қырады. Швецияда бұл саясат тіпті шарықтау шегіне жеткен, онда түзілетін қалдықтың небәрі бір пайыздан азы ғана полигондарға жіберіледі. Қалған қоқыс­тың 52 пайызы waste-to-energy жүйесі бойынша қоқыс жағатын зауыттар арқы­лы энергия мен жылу өндіруге жұмсалса, 47 пайызы толық қайта өңдеуге кетеді.
Өтпелі кезең реформаларын бастан кешірген Польша мен Шығыс Еуропа мемлекеттерінің үлгісі де біз үшін өте өзекті. Польша Еуроодақ интеграциясы аясында «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» институтын барынша кү­шейтті. Бұл жүйе бойынша қаптама өндірушілер мен импорттаушылар өз тауарларының қалдықтарын жинау мен қайта өңдеудің толық шығынын өз мой­нына алады, ал түскен қаражат тікелей полигондар маңындағы сұрыптау кешен­дерін субсидиялауға бағытталады. Сондай-ақ ескі, кеңестік кезеңнен мұраға қалған әрі талапқа сай емес қоқыс орындарын жабу мен жерді қайта құнарландыру Еуроодақ­тың мақсатты гранттары және экологиялық қорлары арқылы сәтті жү­зеге асырылды. Ал Түркия мен Қытай ау­қымды инфрақұрылым мен биогаз өндіруге стратегиялық басымдық беріп отыр. Түркия өзінің «Sıfır Atık», яғни «Нөлдік қалдық» ұлттық жобасы аясында халық тығыз орналасқан аумақтарда органи­ка­лық қалдықтан биогаз өндіретін ірі стан­салар желісін құрды. Бұл маңызды қадам полигондардағы метанның тұтануынан шығатын өрттерді 70 пайызға азайтып, полигон газынан бағалы электр энергия­сын алуға мүмкіндік берді. Қытай мен Түркиядағы ірі қоқыс алаңдарының үсті арнайы геомембранамен жабылып, верти­кальды ұңғымалар арқылы метан соры­лып алынады да, когенерациялық қон­дырғыларда жағылып, жергілікті желіге арзан электр қуаты ретінде таратылады.
1980-2018 жылдар аралығында Қытай «әлемдік қоқыс өңдеу фабрикасының» рөлін атқарды. Мұның астарында бос сөз емес, нақты экономикалық прагматизм мен стратегиялық есеп жатты. Сол кезеңде бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп әрі құрылыс қарқынын бастан өткізген Қы­тай шикізатқа «аш» еді. Ел өндірісі үшін пластик, металл, макулатура мен электро­ника сияқты ресурстар орасан көлемде қажет болды. Ал мұнайдан су жаңа плас­тик өндіріп, орманды отап ағаш кескенше, Батыстың дайын сұрыпталған қалдық­тарын арзанға сатып алып, қайта өңдеу едәуір тиімді еді. Мұнымен қоса, кері логистикалық мүмкіндік те өз септігін тигізді. Еуропа мен АҚШ-қа жүк толы кон­тейнерлік кемелерін жөнелтетін Қытай қайтар жолда ол кемелерді бос жіберсе, тасымалдаушы компаниялар орасан шығынға батар еді. Соны тиімді пай­даланған Батыс елдері бос контейнер­лерді өз қоқысымен толтырып, Қытайға өте арзан жүк тасымалы тарифімен кері қайтарып отырды. Бұған қоса, ол тұста Қытайда жұмыс күшінің арзандығы және қал­дық өңдейтін шағын, отбасылық кәсіп­орындарға қатысты экологиялық заңна­маның тым жұмсақтығы қайта өңдеудің өзіндік құнын ең төменгі деңгейге түсірді.
Осылайша, 30 жылға жуық уақыт бойы Қытай ғаламдық қайта өңдеу нары­ғында монополия орнатты. Мәселен, Қытай 1992 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта жер шарындағы барлық плас­тмасса қалдықтарының 45-50 пайызын жалғыз өзі қабылдап отырды. Тіпті, АҚШ өзі жинаған пластик пен қағаз қалдық­тарының 40 пайыздан астамын, ал Ұлыб­ритания, Германия, Ирландия сияқты Еуропа мемлекеттері 60 пайызға дейінгі көлемін тікелей Қытайға жөнелтуге тәуелді болды. Жыл сайын Батыс елдерінен Қытайға 7-8 миллион тонна пластик қал­дығы мен 20 миллион тоннадан астам макулатура тиеліп келетін.
Алайда 2017 жылдың шілдесінде Қы­тай Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми мә­лімдеме жасап, 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап шетелден қалдық им­порт­тауға толық тыйым салатынын жа­рия­лады. Мемлекеттік деңгейде «Ұлттық қы­лыш» деп аталған бұл шұғыл бетбұрысқа бір­неше өзекті фактор себеп болды. Ең бас­тысы – Батыс елдері сұрыпталған таза ши­кізаттың орнына тұрмыстық, токсинді жә­не медициналық қалдықтармен лас­танған сапасыз қоқысты тиеуді әдетке айналдырды, ондағы ластану деңгейі 20-30 пайызға бір-ақ жетті. Ондай сапасыз қал­дықты сұрыптап, жуу кезінде Қы­тай­дың жергілікті өзендері мен топырағы ауыр металдармен және қауіпті химикат­тар­мен аяусыз уланды. Екіншіден, 2010 жыл­дардан бастап халықтың тұрмыс дең­гейі көтеріліп, ішкі тұтыну артқан­дық­тан, ел ішінде де жыл сайын ондаған мил­лион тонна өз тұрмыстық қалдығы тү­зіле бастады. Осы орайда шетелден ағылған қоқыс отандық қайта өңдеу жүйесінің дамуын тұралатып тастады. Үшіншіден, Пекин халықаралық аренада «әлемнің қоқыс тастайтын шелегі» емес, жасыл технологиялар мен экологиялық өр­кениет көшбасшысы бейнесін қа­лып­тастыруды көздеді. Бұл ретте 2016 жылы жа­рық көрген «Шекарасыз токсиндер» деректі фильмі де үлкен рөл атқарды. Шетелдік қоқысты қолмен сұрыптап, улы ауамен демалып жатқан қытайлық отба­сы­лардың ашынуын көрсеткен бұл туын­ды ел ішінде үлкен әлеуметтік резонанс ту­ды­рып, саяси шешімнің қабыл­дануын жеделдетті.
Қытайдың «Ұлттық қылыш» саясаты әлем­дік қалдықтарды басқару индустрия­сын есеңгіретіп тастады. АҚШ пен Еуропа қа­лалары жиналған пластигін қайда қоя­рын білмей, амалсыз өртеуге, поли­гон­дарға көмуге көшті. Бұл дағдарыс Ба­тыс елдерін өз ішінде қайта өңдеу зауыт­та­рын салуға және біржолғы пластиктен бас тартуға мәжбүр етті. Алғашқыда бұл қо­қыс тасқыны Оңтүстік-Шығыс Азия­дағы Малайзия, Вьетнам, Индонезия және Таи­ланд сияқты елдерге бұрылғанымен, ол мемлекеттер де экологиялық зардапты сезіне салысымен Қытайдың артынан бірден шектеу енгізді. Бүгінде Қытай тек 100 пайыз тазартылған, түйіршіктелген, өңделген дайын пластик шикізатын ғана импорттайды, ал аралас қоқысты елге кір­гізу толығымен қылмыс болып сана­ла­ды. Бұған қоса, «Шанхай моделі» сияқты заманауи бастамалар арқылы мемлекет өз азаматтарын қалдықтарды қатаң түрде бөлек жинауға көшіріп, ішкі экологиялық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді.
Осы озық тәжірибелерді сараптай ке­ле, Қазақстан жағдайында таяу келешекте нақты нәтиже беретін үш негізгі бағытты ай­қындауға болады. Біріншісі – Түркия мен Қытай тәжірибесіне сүйеніп, Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды сияқ­ты ірі қалалардың жұмыс істеп тұрған по­лигондарында метанды сұрыптап, газ­дан тазарту жүйелерін шұғыл орнату. Бұл шара тұрақты өрт қаупін азайтып, алын­ған электр энергиясын «Жаңар­ты­латын энер­гия көздерін қолдау есептеу-қаржы­лық орталығы» арқылы бекітілген Feed-in Tariff тетігімен мемлекетке сатуға жол ашады.
Екінші маңызды қадам – жалпы тұр­мыстық қалдықтың 40-50 пайызын құ­рай­тын тамақ қалдықтарын бөлек жинау­ды қолға алып, олардан жол құрылысы мен саябақтарға қажетті техникалық құ­нарлы тыңайтқыш дайындау. Бұл қара­пайым әдістің өзі елдегі полигондарға тө­гіле­тін жүк салмағын бірден екі есеге жеңіл­детеді. 
Үшінші бағыт – шетелдік өндірушілер мен импорттаушылардан жиналатын утилизациялық алым қаражатын «Жасыл даму» қоры арқылы тікелей полигон инф­ра­құрылымына бұру. Яғни, бұл қаржы ескі полигондарды қалпына келтіруге, жаңа­ларын геомембранамен қаптауға және таразылық бақылау орнатуға мақсатты субсидия ретінде жұмсалуға тиіс.
Дегенмен бұл халықаралық моде­ль­дерді елімізде еш кедергісіз енгізу мүм­кін емес, өйткені алдымызда инсти­ту­ционалдық және географиялық тос­қауылдар баршылық. Ең әуелі, инфра­құрылым мен тариф бөгетін атап өткен жөн. Еуропалық PAYT немесе жоғары по­лигон салығын енгізу үшін бізге ең ал­ды­мен әлеуметтік тұрғыдан қолайлы та­риф жүйесі ауадай қажет. Қазақстанда ха­лықтың коммуналдық төлемдерге «се­зім­талдығы» өте жоғары болғандықтан, по­лигонға көму салығын шұғыл көтеру ел ішінде инфляция мен дүрбелең тудыруы әбден мүмкін. Оған қоса, біздің география­лық және логистикалық қашықтығымыз да үлкен кедергі. Қазақстан аумағының ұлан-ғайырлығы мен елді мекендердің бір-бірінен тым қашық орналасуы қайта өңдеу зауыттарына шикізат тасудың логистикалық шығынын еселеп жібереді. Сондықтан Еуропадағыдай бірнеше қа­лаға ортақ бір өңдеу зауытын салу біздің кө­лік шығындарымызды еш ақтамайды. Сонымен қатар Waste-to-Energy жоба­лары­ның да өзіндік жасырын қауіптері бар. Елімізде қалдықтарды жағатын зауыт­тар салу айтылып жүргенімен, ыл­ғал­ды әрі органикасы аралас қоқысты ал­дын ала сұрыптамай жағу кезінде бөлінетін диоксиндер мен токсинді газ­дарды тазалайтын қымбат фильтра­ция­лық жүйелердің болмауы үлкен эколо-гиялық қауіп төндіреді. Оның үстіне, мұндай тех­но­логиямен өндірілген электр энер­гия­сының өзіндік құны эко-номикамыз үшін өте қымбатқа түсері анық.
 

Тэгтер:

экология қоқыс табиғат қоршаған орта