Қазақ музыкасы туралы сөз қозғағанда, санамызда бір-біріне қарама-қайшы екі ой қатар тұрады. Бір жағынан, күн сайын жаңа әндер жазылып, түрлі музыкалық туындылар дүниеге келіп жатқандай көрінеді. Екінші жағынан, ұлттық музыканың кәсіби деңгейде дамуына қажет дүниелердің кенжелеп қалғаны байқалады. Бүгінгі қазақ музыкасының қай саласы өркендеп келеді, қай бағытқа көбірек көңіл бөлу қажет? Ұлттық аспаптарға арналған шығармалар неге аз? Өзге түркі халықтарының музыкалық мұрасын зерттеудің қандай маңызы бар? Кәсіби музыканың болашағы қандай? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін күйші-композитор, педагог, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Қуаныш Жұмағалимен әңгімелескен едік.
– Қуаныш Ізімұлы, әр өнер адамының өз жолы бар. Біреу өнерге ерте келсе, енді біреуі кейінірек қалыптасады. Сіздің музыканттық және педагогтік жолыңыз қалай басталды?
– Атырау қаласында тудым, сол жерде қазақ орта мектебін бітірдім. Атыраудағы музыкалық мектепте бес жыл тәлім алдым. Орта мектепті аяқтаған соң екі жыл әскери борышымды өтеп қайттым. Содан кейін консерваторияның дайындық курсына түсіп, онда екі жыл оқыдым. Кейін консерваторияға қабылданып, оқуымды жалғастырдым. Сөйтіп, жалпы жеті жылда консерваторияны бітіріп шықтым.
Алматыға 22 жасымда келдім. Алғашында П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге түскім келген. Бірақ онда төрт жыл оқу керек болды. Жасым да өтіп бара жатқандықтан, бірден консерваторияның дайындық курсына түсуге шешім қабылдадым.
Дайындық курсының артықшылығы – училищенің төрт жылдық бағдарламасын мұнда екі жылда игересің әрі бірден консерватория ұстаздарынан тәлім аласың.
Консерваторияға түскен кезде жеке орындаушы, яғни солист мамандығы ашылып, мен сол бөлімге қабылдандым. Бұл мамандықта оқитындар жылына екі рет бір сағаттық концерт беруге тиіс. Әр концертте шамамен он күй және екі-үш музыкалық пьеса орындайтынбыз.
Дайындық курсындағы ұстазым Әділбек Атығаев Семейдегі облыстық филармонияға директор болып кеткендіктен, консерваторияда Кәрима Сахарбаеваның класында оқыдым. Ал жеке орындаушылық бойынша атақты күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровтан сабақ алдым.
1995 жылы консерваторияны бітірдім. Оқи жүріп және оқуымды аяқтаған соң Құрманғазы атындағы оркестрде солист болып жұмыс істедім.
Одан кейін Алматы облыстық филармониясына шақырылып, сондағы «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде домбырашылардың концертмейстері болып 16 жыл еңбек еттім.
Жалпы, консерваторияда 1998 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол жерде екі жыл ассистентура-стажировкада оқып, оны аяқтадым. 2006 жылдан бастап толыққанды оқытушы болып еңбек етіп келемін.
Сонымен бірге композитор-әрлеуші, яғни аранжировщик ретінде «Құлансаз», «Үшқоңыр» ансамбльдерінде және консерваториядағы «Мұрагер» ансамблінде қызмет атқардым.
Қазір консерваторияда жеке күйшілерді дайындаймын, топтық сабақ беремін. Оркестрге арналған ән-күйлерді лайықтау, күй импровизациясы сияқты бағдарламалар бойынша да сабақ беріп жүрмін.
– Композиторлық қабілетіңіздің бар екенін білеміз. Қандай музыкалық шығармалар жаздыңыз?
– Әрине, консерваторияда композиторлық мамандық бойынша да білім береді. Мен бұл мамандық бойынша арнайы оқыған жоқпын, дегенмен біраз ән-күйлерім бар. Сонымен қатар оркестрге арналған ән-күйлерге аранжировка жасап, партитура жазамын.
Консерваторияда білім алғаннан кейін әркім қабілетіне қарай әртүрлі жолға түседі. Біреу тек орындаушылықпен айналысады, енді біреулер оқытушылықты таңдайды. Мен жеке орындаумен де, ән-күй шығарумен де айналысамын және сабақ беремін.
Домбыра, қобыз, сазсырнай, сыбызғы, жетіген сияқты аспаптарға арнап музыкалық шығармалар жаздым. Шығармаларым түрлі оркестрлердің репертуарына еніп, орындалып жүр.
– Жоғары оқу орнында сабақ берген соң ғылыми-әдістемелік оқу құралдарын да жазған шығарсыз?
– Иә, музыка саласы бойынша оншақты кітап жаздым. 2010 жылы жарық көрген «Қуаныш вальсі» атты кітабыма оркестрге арнап өңделген ән-күйлер енгізілді. Сонымен бірге оркестрге арналған партитураларым, ғылыми-әдістемелік еңбектерім де жарық көрді.
– Түркімен, қарақалпақ күйлерін зерттеп, нотаға түсіруге не себеп болды?
– Менің негізгі бағытым – Батыс күй мектебі, яғни төкпе күй дәстүрі. Түркімен және қарақалпақ халықтарында да біздегі күйге ұқсас «саз», «нама» деп аталатын музыкалық жанрлар бар. Оларды біздің домбыраға ұқсас дутар аспабында орындайды.
– Олардың сазының біздегі күйден қандай айырмашылығы, ерекшелігі бар?
– Әр халықтың музыкалық шығармаларының өзіндік ерекшелігі болады. Бұл, бір жағынан, музыкалық аспаптардың құрылымына, диапазонына да байланысты. Мәселен, түркімен және қарақалпақ халықтарының дутарының диапазоны домбыраға қарағанда тарлау. Сонымен қатар дутардың ішегі жіңішке сымнан жасалады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, қазақта ән мен жырдан бөлек күй жанры өте жоғары деңгейде дамыған. Көптеген күй мектебі қалыптасқан. Ал түркімен, қарақалпақ халықтарында ән жанры жақсы дамығанымен, біздегі күйге ұқсас саз жанрындағы шығармалар көп емес. Яғни, күй деңгейіндегі туындылары аздау.
Түсініктірек айтсақ, бізде ән мелодиясы мен жыр мақамдары негізінде жасалған «ән күйі», «жыр күйі» дейтін күйлер бар ғой. Олардың күйлерінің құрылымы көбіне осы бағытқа жақын.
Түркіменде Шахым Гүлиев деген үлкен ғалым, профессор болды. Этнограф әрі музыкант еді. Ол консерваторияда жұмыс істеген, Талдықорғанда да сабақ берген. Түркімен музыкасын зерттеу барысында маған көп көмектесті.
Бізде бұрын түркіменнің бірен-саран күйлері орындалып жүретін. Солардың бірі – «Көроғлы» деген халық күйі.
– Дәулеткерейдің «Көроғлысы» ма?
– Жоқ, түркімендерде «Көроғлы» деген күй бар. Ал сіз айтып отырған шығарма – басқа күй. Оны бізге Мұрат Өскенбаев алып келген.
– Бізде орындалып жүрген түркіменнің қандай күйлері еді?
– Консерваторияда түркіменнің «Торғай қушлар» деген сазын алғаш орындағандардың бірі мен едім. Елдос Еміл де орындады. Оны кезінде Айтжан Тоқтаған нотаға түсірген.
Сөйтіп, бізде түркіменнің «Көроғлы», «Торғай қушлар», «Нарағажы» деп аталатын санаулы күйлері орындалып жүрген. Басқа да күйлері бар ма екен деп жүргенімде Шахым Гүлиевпен таныстым. Ол кісі «Бізде бұдан да басқа саздар көп» деген соң, түркімен музыкасына тереңірек назар аудара бастадым.
Бір ерекшелігі – бізде он мыңнан астам күй бар және олардың басым бөлігінің шығу тарихы, күй аңыздары белгілі. Ал түркімен саздарының тарихы көп жағдайда айтыла бермейді.
Шахым аға маған түркімен саздары жазылған бірнеше аудиокассета беріп, «Мұнда Шариев, Ташмамбетов деген орындаушылардың саздары бар» деді. Соларды тыңдап, домбыраға лайықтап нотаға түсіре бастадым. Осылайша, түркімен күйлерін зерттей бастадым.
– Ол күйлерді өзіңіз еңбек еткен ансамбльдерде орындаттыңыз ба? Түркімен тыңдармандары қалай қабылдады?
– 2007 жылы «Сазген» ансамблімен Ашхабадқа фестивальге бардық. Сол кезде түркіменнің «Нарағажы» деген сазын өзім орындадым. Түркімен тыңдармандары өте жақсы қабылдады. Оларда саз орындалған кезде көрермендер айқайлап, қол шапалақтап, орындаушыны көтермелеп отырады екен.
Айта кету керек, өткен ғасырдың соңына дейін Түркіменстан консерваториясында халық аспаптары бөлімі болмаған. Сондықтан бірнеше дутаршы біздің консерваторияда білім алды. Олардың арасында дутаршы-композитор Ораз Аннанепесов, Садық Сахатов, Мұрат, Жәмила Құрбановтар секілді музыканттар болды. Олардың бәрі бізбен қатар оқыды.
Ашхабадқа барғанымда солардың біразы мені үйлеріне шақырып, қонақ етті. Мен оларға арнап өзімнің «Түркіменсаз» деген күйімді орындап бердім. Мәре-сәре болып, жақсы әңгімелескеніміз есімде. Бұл күйімді түркімен саздары негізінде жаздым.
Жаңа Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі туралы сұрап қалдыңыз ғой. Енді соған толығырақ тоқталайын.
Дәулеткерей – Батыс күйшілік өнерінде өзіндік мектебін қалыптастырған күйші. Стилі жағынан төре күйлері мектебіне жатады. Оның «Көроғлысы» түркімен тақырыбына шығарылған күй екен. Музыкада мұндай тәсілді парафраз деп атайды, яғни танымал бір әуенге негізделіп жасалған музыкалық шығарма.
Дәулеткерейдің «Көроғлысы» түркімен сазын негізге ала отырып, құрылымы жағынан Батыс Қазақстанның төкпе күй дәстүрінде дүниеге келген туынды. Яғни, домбырада «оғыз перне» деп аталатын перне қолданылған. Бұл оған түркімен музыкасының ерекшелігін дарытып тұр. Мұндай ерекшелік қарақалпақ күйлерінде де кездеседі.
Қарақалпақ күйін бізге белгілі дирижер Ықылас Нұрғалиев алып келген. Ықылас аға қарақалпақтың «Сый перде» атты күйін нотаға түсіріп, таратты. Онда да әлгі «оғыз перне» қолданылған.
1957 жылы Ахмет Жұбанов Құрманғазы оркестрімен Ашхабадқа гастрольге барған. Ахаң домбырашылар тобына Дәулеткерейдің «Көроғлысын» және түркіменнің «Тәштит» деген күйін орындатып, түркімен музыканттарына тыңдатыпты. Содан кейін «Қалай, сіздердің күйлеріңізге ұқсай ма?» деп сұраған екен. Сонда олар: «Әуені ұқсайды екен, бірақ жалпы құрылымы мен ырғағы бізге келіңкіремейді екен», – деп жауап беріпті.
Осыған қарағанда, Дәулеткерейдің «Көроғлысында» түркімен сарыны қолданылғанымен, негізінен Батыс Қазақстанның күйшілік дәстүріне жататын туынды деуге болады. Былайша айтқанда, бұл таза түркімен немесе таза қазақ күйі емес, екі халықтың да музыкалық ерекшелігін қамтыған шығарма. Өз алдына бір феномен.
– Түркімен күйлерін тереңірек тануыңызға тағы кімдердің көмегі тиді?
– Ашхабадқа барғанымда Ораз Аннанепесов түркімен күйлері туралы көп дерек берді. Өзі шығарған музыкалық жинағын сыйлады. Кейбір халық күйлерінің ноталарын да сұрап алдым.
Оларда күйлер, яғни саздар, бірнеше нұсқада орындалады екен. Бір орындаушының орындауы екіншісіне ұқсай бермейді. Мен сол саздарды нотаға түсіріп, Шахым Гүлиевке көрсеттім. Күйлердің тақырыбы мен ерекшеліктері туралы сұрап, түркімен күйлерінің табиғатына қаныға түстім.
Содан кейін 50 түркімен күйін нотаға түсіріп, 2020 жылы жеке жинақ шығардым.
Менің алдымда түркімен күйлерін зерттеген біздің консерваторияның музыкатанушысы, профессор Сәуле Өтеғалиева болды. Ол кісінің түркімен күйлерін зерттеуі негізінде жазған «Туркменские» кюи в домбровой традиции Западного Казахстана» атты кітабы екі рет басылып шықты.
– Ал қарақалпақ күйлерін зерттеуге қалай келдіңіз? Біздің күйлермен салыстырғанда олардың «намасының» қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
– Түркімен күйлерін зерттей жүріп, қарақалпақ күйлеріне де назарым ауды. Жоғарыда айтып өткен Ықылас Нұрғалиев ағамыз нотаға түсірген қарақалпақтың «Сый перде» күйін тыңдағаннан кейін қарақалпақ пен түркімен күйлерінің арасында жақындық барын сездім. Содан қарақалпақ күйлерін де зерттегім келді.
Оларда да бірқатар танымал күйлер бар. Мысалы, «Сый перде», «Қара жорға», «Бесперде», «Ыжылтпа» және тағы басқа күйлер.
Зерттей келе, қарақалпақтың жетпіс халық күйін, яғни намасын нотаға түсірдім. Бір байқағаным – қарақалпақ күйлері шағындау келеді. Көбі біздегі «ән күйі» деп аталатын күйлерге жақын.
Ерекшелігіне келсек, бізде домбыра күйлерінде бас буын қатты дамыған. Яғни, күйлерімізде домбыраның жоғарғы пернелерінде орындалатын тұстар көп. Ал қарақалпақ күйлерінде бас буын аз, бар болғаны бір-екі такт қана орындалады да, одан әрі негізгі орта буын, негізгі буын деп жалғаса береді.
Жалпы, зерттей келе көп нәрсеге көзің жетеді. Қазақ күйінің өзіндік құрылымы бар: бас буын, орта буын, саға, екінші саға сияқты бірнеше буынға бөлініп орындалады.
Ал түркімен күйлері ұзағырақ көрінеді. Осы туралы Шахым Гүлиевке айтып, «Мына күйлерде қайталанатын жерлер көп екен, сол тұстарын қысқартып орындасақ қайтеді?» дегенімде, ол кісі күліп: «Оның сөздері бар ғой», – деді.
Сөйтсек, олар әннің әуенін аспаптық музыкаға айналдырып орындай береді екен.
Ал қарақалпақтың «Қара жорға», «Сый перде» намаларының құрылымы біздегі күйдің құрылымына жақын. Оларды біздің ансамбльдер де орындап жүр.
Қарақалпақ дутарының ішегі сымнан жасалғандықтан, оны орындау тәсілі де біздегіден өзгеше. Оларда мелизмдер көп қолданылады. Ал біздің домбыраның ішегі сымнан жасалмайтындықтан, қарақалпақ күйлеріндегі мелизмдерді домбырада дәл келтіру қиын.
Сым ішекті сәл басқанның өзінде дыбыс өзгеріп, ноталар басқа реңк береді. Дутарды бір саусақпен де шерте беруге болады. Демек, дутарда музыка орындау біршама жеңілдеу болса, домбырада орындау күрделірек. Бізде бас бармақ та, басқа саусақтар да қатар қолданылады.
Түркімен, қарақалпақ күйлері әннен онша алыстамаса, қазақ күйлері бірнеше буынға бөлініп орындалатындықтан және алуан түрлі қағыс түрлерін қамтитындықтан, әбден жетіліп, өз алдына жүйе құрып, дербес музыкалық жанр ретінде дамыған.
Міне, өзге халықтардың музыкасымен салыстыра келгенде қазақ күйлерінің ерекшелігіне, оның қаншалықты жоғары деңгейде дамығанына көзің жете түседі.
2022 жылы менің «Қарақалпақ халық күйлері» атты еңбегім жарық көрді. Енді болашақта түркімен және қарақалпақ күйлерін жеңілдетіп, домбыраға ыңғайлап нотаға түсіріп, өзім орындап шығарсам деген ойым бар. Өйткені екі халықтың да нотаға түсірілген күйлері негізінен дутарға арналған нұсқалар. Енді соларды домбырада орындауға лайықтап қайта жасау керек.
– Өзге халықтардың күйлерін нотаға түсіру, орындап тарату бізге не береді деп ойлайсыз?
– Оның пайдасы көп. Өзге халықтардың музыкасын орындау арқылы домбыраны да өзгелерге кеңірек танытуға мүмкіндік туады. Оның үстіне бізде күй көп, репертуарымыз мол. Күйлердің әртүрлі нұсқаларын қоссақ, олардың саны он мыңнан асып кетеді.
Түркітілдес халықтардың музыкасын білу, оны орындау арқылы олардың болмысын түсінеміз, рухани жақындығымыз арта түседі.
Бізде өзгелердің музыкасын орындау, өзгелердің біздің музыкамызды игеру дәстүрі бұрыннан бар. Мәселен, маңғыстаулық Абыл күйші түркімендерге тұтқынға түсіп қалған кезде, түркіменнің бір күйшісі оның «Абыл» атты күйін дутармен орындаған екен. Сонда Абыл «Осы күйді мен орындап берейін» деп, өз күйін дутармен орындаса, түркімендер «Сен Абылдың өзі емессің бе, керемет орындадың ғой» деп таңғалыпты. Осылайша, күйшінің кім екенін танып, оны тұтқыннан босатқан көрінеді.
Демек, түркімендер Абылдың күйлерін білген болып тұр.
Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан халықтардың бір-бірінен үйренері аз болмайды. Мәселен, Маңғыстау күйлерінде түркімен музыкасының сарыны байқалады. Батыс күйшілік дәстүрінде өте сирек кездесетін интервалдар, соның ішінде секундалар, Маңғыстау күйшілік дәстүрінде жиі қолданылады.
Сондықтан өзімізге тілі жақын, тектес, көршілес халықтардың музыкасын зерттеу маңызды.
Қарақалпақ музыкасын түсініп, игеруге маған педагогика бойынша PhD Ықласбай Муянов пен Бесқала қазақтарының музыкалық мәдениетін зерттеп жүрген жас ғалым, консерваториямыздың оқытушысы Күнқожа Қайрулла көп көмектесті. Олар маған қарақалпақ намаларының ерекшеліктері туралы мол мәлімет берді.
– Енді бүгінгі қазақ музыкасы туралы айтсаңыз. Қазір ұлттық негізде дәстүрлі музыка жазатындар не істеп жатыр? Қай жанрдағы музыка дамып, қай бағыттарға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді?
– Әрине, барлық жанрдағы музыканың дамуына және оны жазатын композиторларға жағдай жасалса жақсы болар еді. Дегенмен заман сұранысы деген бар, оның сыртында экономикалық қажеттілік те бар. Соған орай кейбір жанрлардың алға шығып, енді бірінің кенжелеп қалуы заңды.
Өзіңіз білетін шығарсыз, қазір той музыкасы, той әндері көбейіп кетті. Оның ішінде сапалысы да, сапасызы да бар. Тойға арналған әндерге шектеу қоя алмаймыз, өйткені оған халықтың сұранысы жоғары. Тойда халық билеуге арналған ырғақты, тыңдауға арналған көңілді әндерді қалайды.
Соған орай тойда өнер көрсететін әншілер де композиторларға осындай әндерге тапсырыс береді. Сондықтан жеңіл ырғақпен жазылған той әндері көбейе береді.
Музыка ең алдымен өнердің мүлкі ғой. Егер жазылған музыка аз ғана уақыт жұрттың көңілін аулап, кейін тыңдалмай қалса, оның жеңіл, әсері аз, мәні терең болмағаны. Кәсіби композиторлар мұндайға бара бермейді. Бірақ музыка жазу экономикалық тұрғыдан табыс әкелетіні белгілі болса, мұндай шығармалардың жазылуы да тоқтамайды.
Байқап жүрген болсаңыз, кейінгі жылдары балаларға арналған музыка жазылмай жатыр десе де болады. Сол сияқты жеке аспаптарға арналған шығармалар да тым аз жазылады. Күйлердің түгелге жуығы домбыраға арналады десек болады.
Ал бізде музыкалық аспап жалғыз домбыра емес қой! Қобыз, жетіген, шертер, сазсырнай және тағы толып жатқан ұлттық аспаптарымыз бар. Соларға арналған музыкалар көбірек жазылып, репертуар молайса, музыканттар әртүрлі аспаптарда орындаса, халық ұлттық аспаптарды жақсырақ танып, білер еді.
Қазір көшеде адамдардан «Қазақта қандай музыкалық аспаптар бар?» деп сұрасаңыз, көпшілігі домбыра мен қобызды ғана еске түсіруі мүмкін. Себебі біздің музыкамыз негізінен осы екі аспап арқылы көбірек танылады.
Әрине, жеке аспаптарға музыка жазу үшін олардың мүмкіндігін, табиғатын, орындау ерекшелігін жақсы білу керек. Ол үшін кәсіби деңгейде білім қажет. Ал мұндай шығармаларды тойға арнап жеңіл-желпі, ырғақты ән жазып жүрген әуесқойлардан талап ете алмайсың.
Кәсібилік әлсіресе, үлкен өнер ұжымдарының өзіне қауіп төнеді. Мәселен, елімізге ғана емес, әлемнің талай жеріне белгілі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі көрермен жинау үшін кейде кино саундтректерін орындауға мәжбүр болады.
Себебі олардан жылына бірнеше мәрте концерт беріп, қаражат табу талап етіледі. Репертуары қазақ күйлеріне бай, 90 жылдан астам тарихы бар бұл оркестрдің тыңдармандары жоқ емес. Бірақ бүгінгі жастардың бір бөлігі оның концертіне қазақтың ұлттық музыкасын емес, кино саундтректерін тыңдау үшін барады.
Егер бұл оркестр мемлекеттік нақты қолдауға ие болып, тек танымал әрі сапалы ұлттық музыканы орындауына жағдай жасалса, атақты ұжым әлгіндей «заманауи музыкаларды» орындауға мәжбүр болар ма еді?
Халық әндерін жаңаша өңдеп, сапалы әрлеу жасап, тыңдарманға ұсынса қандай жақсы? Тыңдалмай жүрген талай ән қайта жаңғырып, жарқ етіп көрінер еді. Музыкалық пьесалар мен аспаптық шығармалар көбейсе дейсің.
Біз әлі күнге дейін шетелдік классиктердің музыкаларын орындап келеміз. Неге өзімізде сондай музыкалар жасалмайды? Музыканттарымыз қазақ композиторларының сапалы туындыларын орындап, тыңдармандар жақсы ән-күйлерді, түрлі жанрдағы отандық авторлардың шығармаларын тыңдап, рухани ләззат алса, бұдан артық не бар?
Қазір де күй шығарып жүргендер аз емес. Бірақ кейбір шығармалардан дәстүрден алшақтықты, тамырын басқа жақтан іздеген үрдісті байқап, секем алып қаласың.
Ахмет Жұбановтан бастап, берідегі Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Ермұрат Үсенов, Әбдімомын Желдібаев, Секен Тұрысбеков секілді күйшілердің туындыларының халыққа кең танымал болуының бір себебі – олардың ұлттық музыка дәстүрінен алыстамай, сол дәстүрдің негізінде елдің жүрегіне жақын шығармалар тудырғанында.
Күйлері ұлттық болмысымызға сіңіп кеткендіктен, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Түркеш, Дина секілді ұлы композиторлардың шығармалары ешқашан ұмытылмайды. Олар ғасырлармен бірге жасай береді.
Сондықтан бүгінгі қазақ композиторлары мен күйшілері ұлттық дәстүрді барынша сақтап, соның негізінде елдің жүрегіне жол табатын, уақыт сынынан өтетін музыкалар жазса деген тілек бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ