Қызылорда облысында жергілікті өнім түрлерін көбейтуге ерекше мән беріліп отыр. Оның бір айғағы – «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы. Жуырда іске қосылған кәсіпорын енді нарықтық бәсекеде өз мүмкіндігін еркін сынай алады.
Кәсіпорын құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген. Жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіреді. Бұл облыс аумағынан бөлек көрші өңірлерге де өнім жеткізуге мүмкіндік бар деген сөз. Фабрикада 120 адам жұмыспен қамтылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа инвестициялар ең алдымен, еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Жаңақорған ауданында тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар сәтті жүзеге асуда. Осындай маңызды жобаны қолға алғаны үшін жеке инвесторға зор ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құс фабрикасының ашылу салтанатында.
Мамандардың есебінше, облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба іске қосылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Соның ішінде, биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасын іске қосу жоспарланған.
Қуат ӘБІШ