Ақтөбе облысында 14-35 жас аралығындағы 267 мыңнан астам жас бар. Олар білім мен ғылымда, бизнесте, спорт пен мәдениетте, IT және волонтерлік саласында белсенді. Бірі жаңа жоба қолға алса, енді бірі туған ауылын көркейтуге үлес қосып жүр. Бағыттары әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ – елге пайдасын тигізу.
12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында Ақтөбе облысында жас буынның белсенділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара өтті. Соның бірі – облыс әкімі Асхат Шахаровтың жастармен OPEN TALK форматындағы ашық кездесуі.
«Мүмкіндік бар. Ендігі кезек – сіздерде»
Кездесуге волонтерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, студенттер, өнер, білім және IT саласының өкілдері қатысты. Жастар өз жобаларын таныстырып, өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Кездесудің ерекшелігі – мұнда дайын баяндама емес, ашық әрі еркін пікір алмасу болды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жастарды мерекемен құттықтап, олардың өңір халқының шамамен 30 пайызын құрайтынын атап өтті.
– Қазіргі заман – білім мен біліктің дәуірі. Үнемі ізденіп, жаңа технологияларды меңгеріңіздер. Тың идея ұсынудан, жауапкершіліктен қорықпаңыздар. Білімдеріңіз бен күш-жігерлеріңізді туған өлкенің дамуына бағыттаңыздар, – деді өңір басшысы.
Бүгінде жастарға өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тетіктер аз емес. AQTOBE JASTARY тұрғын үй бағдарламасы, жұмыспен қамту жобалары, жастар бастамаларын қолдау тетіктері – соның бір бөлігі.
Алайда мүмкіндік өздігінен нәтиже бермейді. Оны тиімді пайдалану үшін білім, табандылық пен бастама қажет. Ақтөбелік жастардың мысалдары осыны көрсетеді.
Жақсы істің басында жүргендер
Жастардың белсенділігі экологиялық бастамалардан да анық көрінеді. Олар «Таза Қазақстан» акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып, аула мен көшелерді тазалауға, абаттандыруға, көгалдандыруға атсалысып жүр.
Волонтерлік қозғалыс та жастар арасында кең қанат жайған. Еріктілер әлеуметтік жобаларға қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді.
Ал AQTOBE CAMP жастардың білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуына, жаңа адамдармен танысып, идеяларын жүзеге асыруына жол ашады.
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ержан Аманжоловтың айтуынша, жастармен жұмыс 11 бағыт бойынша жүргізіледі. Оның ішінде жұмыспен қамту, волонтерлік, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және NEET санатындағы жастармен жұмыс бар.
Unifest, Best in Aqtobe, «Жастарға кеңес» секілді жобалар да жас буынның білімін арттырып, қоғамдық белсенділігін күшейтуге бағытталған.
Ауылдан шыққан идея
Жаңашылдықтың бәрі қалада туады деген түсінік дұрыс емес. Бұған Қарғалы ауданы Бадамша ауылының мұғалімі Жанат Қарасаева мен оның шәкірттерінің жұмысы дәлел.
Оқушылары Максим Гриненко мен Мансұр Таңатбаев «Қарғалы ауданындағы ауа райын бақылау» жобасын жасап, республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде жүлдеге ие болды.
Жас зерттеушілер күн сайын ауа райын бақылап, мәлімет жинайды. Қатты жел, найзағай немесе нөсер секілді құбылыстардың белгілері байқалса, тұрғындарға алдын ала ақпарат беруге тырысады.
Жанат Қарасаева жастардың уақытын тиімді пайдаланып, білім мен жаңа дағдыға ұмтылуы маңызды деп санайды. Ол ғылым мен медианы ұштастыратын STEM-Media Hub жобасын да ұсынып отыр.
– Уақыт – жастардың ең қымбат капиталы. Оны әлеуметтік желіде бостан-босқа өткізбей, білімге, жаңа дағдыға жұмсағаны дұрыс, – дейді ол.
Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Өйткені бүгінгі ақпарат ағыны жастарға мол мүмкіндік бергенімен, назарды бөлетін нәрсе де көп. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану – жетістікке бастайтын маңызды қадамның бірі.
Сахнадан әдебиетке келген жас
Ақтөбе жастарының шығармашылық бағыттағы өкілдерінің бірі – Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің қызметкері, жас драматург Наурызбай Асылбеков.
Бала кезінен өлең жазған Наурызбай әуелі актерлік өнерді меңгеріп, кейін кинотеледраматургия мамандығы бойынша білім алған. Оның «Түнгі фонарь» пьесасы республикалық драматургия байқауында екінші орын иеленді. «Тоқылдақ» драмасы да кәсіби ортадан жақсы бағасын алды.
– Үлкен жазушы болғым келеді. Ұстаздарымнан үйренгенімді тәжірибемен шыңдап, сүбелі дүниелер жазсам деймін, – дейді Наурызбай.
Бір кітап – бір мүмкіндік
OPEN TALK барысында жастар облыс әкімі Асхат Шахаровқа кітап оқу туралы да сұрақ қойды. Өңір басшысы өзіне әсер еткен шығармалар туралы айтып, кітап оқудың маңызына тоқталды.
Кездесу соңында жүз жасқа қазақстандық авторлардың кітаптары сыйға тартылды. Әр кітапқа облыс әкімі өзінің жылы лебізін жазған.
Бір қарағанда бұл – қарапайым сыйлық. Алайда оның мәні тереңірек. Өйткені кейде бір кітап адамның көзқарасын өзгертіп, жаңа ойға жетелейді, тіпті өмір жолына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан бұл сыйлық жастарға айтылған «оқы, ізден, ойлан» деген тілек іспетті.
Мерекелік кеште өз саласында жетістікке жеткен бір топ жас ақтөбелік те марапатталды. Олардың қатарында ақын, құтқарушы, дәрігер, педагог, IT маманы, мемлекеттік қызметші, әлеуметтік қызметкер және кәсіпкер бар.
Олардың мамандығы мен өмір жолы әртүрлі. Бірақ бәріне ортақ бір қасиет бар – өз ісіне адалдық.
Бірі ауылдағы ауа райын зерттеп, ғылыми жоба жасайды. Бірі пьеса жазып, ұлттық драматургияға үлес қосады. Бірі волонтер болып, өзгеге көмектеседі. Енді бірі кәсіп бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылады.
Мүмкіндік көбейген сайын жаңа идеялар да пайда болады. Ал идеяға білім мен тынымсыз еңбек қосылса, ол нақты іске, одан әрі ел игілігіне айналады.
Ақтөбенің жалынды жастарының бүгінгі қадамы – ертеңгі үлкен өзгерістердің бастауы.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе