Атыраулық оқушы халықаралық математикалық олимпиадада қола жүлде иеленді

Бүгін, 10:37 / Інжу Әлихан

Вьетнамның Ханой қаласында AIMO халықаралық математикалық олимпиадасының финалы өтті. Байқауға Қазақстаннан 63 оқушы қатысып, оның 59-ы жүлдегер атанды, деп хабарлайды turkystan.kz ATYRAU today телеграм-каналына сілтеме жасап. 

Жеңімпаздар қатарында Атырау облысының оқушысы Дарын Жайлыбай да бар. Ол қола медаль жеңіп алды.

Сәуір айында Дарын онлайн іріктеу кезеңінен өтіп, бірінші орын алған. Осы нәтижесі оған Вьетнамда өтетін финалға жолдама алуға мүмкіндік берді. Оның айтуынша, халықаралық олимпиадаға қатысу – білімді сынап қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жаңа білім алып, мотивация жинауға мүмкіндік береді.

Дарынның математикаға қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол алғаш қатысқан қалалық «Бастау» олимпиадасында екінші орын иеленген. Кейін білімін жетілдіріп, түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

«Мен бұл жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Келесі жылы да қатысып, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуді жоспарлап отырмын», – деді оқушы.