Кеше Динара Сәтжан мен Баян Алагөзоваға желіде тіл тигізген ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесоваға сот үкім шығарып, 1,5 млн теңге айыппұл салған болатын. Сол үкім шыққаннан кейін Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында балағат сөз айтатындарға ескерту жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Сізге әлеуметтік желіде жала жапты ма, үндемеңіз, ұрсыспаңыз, жауап жазып, дауласып, уақыт кетірмеңіз! Заңға сүйеніңіз! Бірнеше ай бұрын Бағдагүл Баянға, маған және бірқатар танымал адамдарға қатысты былапыт сөз айтып, ауыр айыптар таққан болатын. Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп кері реакция жасамадық, біз тек сотқа бердік! Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік. Сот оған 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл қаржыны ол бізге емес, мемлекетке төлейді. Келесі жолы тағы да осындай әрекеттерін қайталаса, оны әкімшілік қамауға алу жазасы да тағайындалуы мүмкін. Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек. Сөз бостандығы - аузыңа келгенді айту емес! Сөз бостандығы - өз сөзіңе жауапкершілік ала білу. Қазақта бір сөз бар, өз үйім деме, үй артында кісі бар деген. Тағы да айтам, өз парақшам, өз эфирім деме, сені бақылайтын жүздеген, мыңдаған адам бар! Өз сөзіме ар алдында да, заң алдында да жауап бере алам десеңіз - еркіңіз білсін! Бірақ әр сөздің қорғасындай салмағы болатынын ұмытпаңыз», - деп жазды тележүргізуші.