Сарбаздар торт пен қарақұмыққа телефон жасырып, түрмеге өткізбек болғандарды ұстады

Бүгін, 09:44 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Өскемен және Атырау қалаларындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері ҚАЖ қызметкерлерімен бірлесіп, сотталғандарға тыйым салынған байланыс құралдарын өткізу әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өскемен қаласындағы №17 түзету мекемесінде ер адам сотталған азаматқа екі ұялы телефон өткізбек болды. Тыйым салынған заттарды жасыру мақсатында ол телефондарды торттың ішіне жасырған.

Құқық бұзушылық Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімі бақылаушысының қырағылығының арқасында анықталды. Тексеру барысында ол азық-түліктің әдеттен тыс салмағына назар аударған.

– Бір қарағанда, бұл кәдімгі торт болды. Алайда оны қолыма алған кезде салмағының әдеттегіден үлкен екенін байқадым. Бұл күдік туғызды. Бірлескен тексеру барысында тағам өнімінің ішінен екі ұялы телефон мен екі SIM-карта табылды, – деді кезекші бақылаушы ефрейтор Азат Жанабаев.

Тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан Өскемен қаласының тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданды.

Дәл осындай оқиға Атыраудағы ҚАЖ №15 мекемесіндегі тексеру тобының бөлмесінде тіркелді, онда әскери қызметкерлер сотталған азаматқа арналған сәлемдемеден тыйым салынған заттарды анықтады.

Бұл жолы тыйым салынған заттар піскен қарақұмық ботқасының ішіне жасырылған. Тексеру барысында әскери қызметкерлер үш ұялы телефон мен бір қуаттағыш құрылғыны тапты.

Мұндай жағдайлар әскери қызметкерлер мен ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері сәлемдемелерді, оның ішінде азық-түлік өнімдерін тексеруге ерекше мән беретінін көрсетеді. Қырағылық пен үйлесімді жұмыстың арқасында мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды алып кіруге жасалған әрекеттер дер кезінде анықталып жатыр.

Тэгтер:

Атырау Түрме Ұлттық ұлан сарбаз Өскемен абақты сәлемдеме