Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында ағза трансплантациясынан кейінгі емін сәтті аяқтаған екі отбасы бір күнде үйлеріне шығарылды, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір отбасында ұлы анасына бауырының бір бөлігін берген. Ал екінші отбасында анасы ұлына бір бүйрегін донор ретінде ұсынған.
"Бір отбасында 20 жыл бұрын анасы ұлына өмір сыйлаған еді. Бүгін сол ұлы анасына бауырының бір бөлігін беріп, жаңа өмірге мүмкіндік сыйлады. Ал екінші отбасында анасы 20 жыл бұрын дүниеге әкелген ұлына бүгін өз бүйрегін беріп, баласына өмірді екінші рет сыйлады", – делінген басқарма хабарламасында.
Бауыр трансплантациясы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймаханов бастаған мамандардың қатысуымен жасалған.
Денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаны заманауи трансплантология мүмкіндігінің және дәрігерлер кәсібилігінің нәтижесі деп бағалады. Сонымен қатар мұнда отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жанқиярлығы мен сүйіспеншілігі де ерекше көрініс тапқанын атап өтті.