Шымкенттегі "Жайлаукөл" саябағында жасөспірім қыз джампинг-аттракционынан құлап, жарақат алды. Оқиға 8 тамыз күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қыздың анасының айтуынша, жасөспірім аттракционда секіріп жүрген кезде арқан үзіліп кеткен. Соның салдарынан ол жерге құлап, қолын сындырып алған.
Әйел оқиғадан кейін саябақ әкімшілігі тиісті деңгейде әрекет етпеді деп мәлімдеп, Шымкент қаласының әкімдігінен саябақ басшылығы мен ондағы аттракциондардың техникалық жағдайын тексеруді сұраған.
Алайда "Жайлаукөл" саябағының әкімшілігі бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Саябақ өкілдерінің сөзінше, қызметкерлер қызды ауруханаға жеткізуге көмектесіп, туыстарымен байланысқан және кешірім сұраған.
Сондай-ақ оқиға болған аттракционның саябақ әкімшілігіне емес, жеке кәсіпкерге тиесілі екені айтылды.
Саябақ басшылығы болған жағдайды жасыруға немесе жауапкершілікті басқаға аударуға ниетті емес екенін мәлімдеп, оқиғаның барлық мән-жайы заң аясында анықталуы керек деген ұстаным білдірді.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қаладағы аттракциондардың бірінде кәмелетке толмаған қыздың дене жарақатын алуына әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген полиция мәліметінде.