Қызылордалық емханалар медициналық тексерістен өткен мұғалімдердің ақшасын жымқырған
Қызылордалық емханалар медициналық тексерістен өткен мұғалімдердің ақшасын жымқырған
Қызылорда облысында мұғалімдерден медициналық тексеру үшін заңсыз жиналған қаражат кері қайтарылуда. Прокуроратура тексеру барысында денсаулық сақтау заңнамаларының бұзылғанын анықтаған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Жаңақорған ауданындағы мұғалімдер ақылы медициналық тексеруге берген қаржыларын қайтып алды. Солардың бірі Жадыра Пошаева телефон арқылы берген сұхбатында бұл әсіресе ауыл мұғалімдеріне қиынға соғатынын жеткізген. Прокурорлардың сөзінше, мұғалімдерді емханалар ақылы медициналық тексерістен өтуге мәжбүрлеген. Қазір заңсыз жиналған 6 мыңнан 20 мыңға дейін аралықтағы қаражат кері қайтарылып жатыр. Заң талаптарына сәйкес, мектеп, колледж бен жоғарғы оқу орындарының қызметкерлері оқу жылының басында терапевт дәрігердің қарауынан және флюорографиялық зерттеуден ғана өтуі тиіс. "2016 жылы емханалар өздерінің бюджетін толтыру үшін 4 мың мұғалімді офтальмолог, отоларинголог, хирург, гинеколог және тағы басқа дәрігерлерден қосымша өтуді міндеттеген, олардың төлем құны 3,5 миллион теңгеден астам құрайды. Прокурорлық шаралармен емханалар оқытушылардан негізсіз алған ақшаны қайтаруда. Қазіргі таңда 2 мың мұғалімге 2 миллион теңге қайтарылды", - дейді Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Жасұлан Еламанов.