Қазақстанда бір грамм алтын қанша тұрады?

Бүгін, 17:44 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бағалы металдың құны бір апта ішінде 4 500 теңгеден астамға қымбаттады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Ұлттық банкінің 13 тамыздағы мәліметіне сәйкес, бір грамм алтынның бағасы 66 004,73 теңгені құрайды.

Бір апта бұрын бағалы металдың бір граммы 61 444,62 теңге болған. Осылайша, жеті күн ішінде алтынның құны 4 560,11 теңгеге өсті.

Айта кетейік, алтын бағасы мұндай деңгейге маусым айынан бері алғаш рет көтеріліп отыр. Соңғы рет 19 маусымда бір грамм алтын 66 877,40 теңге болған, содан кейін оның бағасы негізінен төмендей бастаған.

Жалпы, Қазақстандағы алтынның 2026 жылғы ең жоғары бағасы жыл басында тіркелді. 30 қаңтарда бір грамм алтынның құны 89 002,60 теңгеге жеткен. Тағы бір айтарлықтай шарықтау 4 наурызда байқалды, сол кезде бір грамм алтын 84 355,16 теңге болды.

Сондай-ақ, әлемдік нарықтағы алтын бағасы 12 тамызда соңғы екі айдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге көтерілгенін атап өткен жөн. Споттық баға 0,9%-ға өсіп, бір трой унция үшін 4 406,64 долларға жетті. Сауда барысында өсім 1%-дан да асты.

Ал 13 тамызда алтын бағасы екі айдағы ең жоғары көрсеткішке жақын деңгейде, яғни бір унциясы шамамен 4 408 доллар шамасында тұрақтады.

Тэгтер:

алтын грамм металл